Оралда сауда үйінің шатырынан құлаған мұз сол маңнан кетіп бара жатқан әйелдің үстіне түсті. БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, мұз екіқабатты «На театральной» сауда үйінің төбесінен құлаған деп жазады mgorod.kz.
Төтенше жағдай орталық базардың маңында болған. 30 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді.
«Әйел жабық бас-ми жарақатын алуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жеткізілді. Облыстық көпсалалы ауруханада медициналық тексерістен өткеннен кейін ол үйіне жіберілді», – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Бұл күні Аманжолов көшесіндегі көпқабатты үйлердің шатырынан да қар құлаған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.