Ұнаған жігітіне тұрмысқа шығып, қайын атасы мен енесінен жылы қабақ күткен келіншек бүгінде қиналып жүргенін айтты. Бес ұл, үш қызы бар жанұяның ең кенжесіне тұрмысқа шыққан әйел енесінің күн бермейтінін айтып, қынжылды деп жазады «Алаш айнасы».
Екі жыл бойы енесінен қорлық көрген келіншек жалығып кеткенін алға тартты.
«Енеме немере керек емес сияқты. Бала көтере алмай, емделуге рұқсат сұрасам, «қазіргі қатындар асығады» дейді. Содан жасырынып емделуге тура келді. Шөппен емделдім. Шөппен емделіп бала көтеретініме сендім. Енем шөбімді төгіп тастайтын, сонда да қайтпадым, өз бөлмемде тығып ішетін болдым. Аллаға шүкір қазір балалы болдым», - дейді әйел адам.
Жұбайы өзін қорғамайтынын айтқан келіншек үйдегі бастық енесі деп отыр.
«Қысқасы, үйдегі бастық енем. Атам орынбасары, сөзін қоштап отырады. Күйеуім үндемес. Мен күң. Не көрсетпеді маған, не айтпады, менен жаман келін жоқ. Тыныштық берер емес, азанда ерте тұрып шәйін берем, үйін жинаймын, айтқанын істеймін. Түсінбеймін, мен жаман болсам, неге менімен бірге тұрады?», - дейді ашынған ол.