Сырлас жан таппаған жас келіншек Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшалардың бірінде әйелдерден көмек сұрап, хат жазды. Күйеуінің көңіліне қаяу түсірген ол тығырықтан шығар жол іздейді.
Автордың жазбасын өзгеріссіз назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Жүрегім ауырып, өзімді жек көріп отырмын. Өмір көрген әпкелер болса ақыл айтыңыздаршы. Біз ауылдық жерде тұрамыз. Тұрмыс құрағаныма 3 жыл болды. Аллаға шүкір, 2 баламыз бар.
Кеше кешкісін жұбайым екеуміз моншаға бардық. Ұрыс басталып, ол мені шешеден боқтады. Әкем қайтыс болған. Жалғыз анама тіл тигізгенін қаламадым. Ашумен мен де ішіме жиналып қалған нәрсенің бәрін айттым. Өзімді ұстай алмадым. Монша иесі келіп, ұрысты. Сол кезде бір-ақ есімді жидым.
Күйеуімнің арын таптадым. Жүрегім қатты ауырып отыр. Қалайша мұншалық жаман әйелге айналдым? Тек мені кінәламай, ақылдарыңызды айтыңыздаршы. Онсыз да өзімді жегідей жеп отырмын», – дейді келіншек.