11.03.2019, 03:06

Жас жігіт әкесін өлтіріп, үйдің жанына көміп тастаған

Қырғызстанда Шу облысының аудандық соты әкесін асқан қатыгездікпен өлтіріп, қылмысын жасыруға тырысқан жігітті 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

Сотталған жігіт әкесін өлтірген кезде 22 жаста болған. Қылмысты ол 2015 жылдың 25 мамырында түнде жасайды. Қаскөй әкесі ұйықтап кеткен кезде басынан балғамен бірнеше рет ұрып, денесін шұңқырға көміп тастайды. Қанды қылмысының ізін жасырып, жұрттың назарын басқа жаққа аудару үшін әкесінің аяқ киімін өзеннің жанына тастап кетеді.

Туыстары әкесі мен баласы араз екенін білгендіктен, бірден күдіктене бастайды. Олар әжетхананың жанындағы жаңа қазылған шұңқырды байқап қалып, құқық қорғау органдарына хабарлайды. Бірақ бұл жерді тексерген тәртіп сақшылары қылмыс ізін таба алмаған.

Тек 2018 жылы ғана шұңқырды тереңірек қайта қазған кезде ер адамның сүйектері мен балға табылады. Көршілері мен туыстары оны киімі мен тіс қаптамасынан таниды.

Сотталушы кінәсін мойындамады, бірақ сот қылмыс жасалған күні үйде баласынан басқа ешкімнің болмағанын және бөтен біреудің кірмегенін анықтады. Дәрменсіз күйде жатқан адамды асқан жауыздықпен өлтірді деген айып тағылған қаныпезер 15 жылға сотталды.