Жарылыстың қатты болғаны сонша, екі қабатты ғимарат опырылып құлаған. Жермен-жексен болған базар маңындағы фирмада сүт, жұмыртқа секілді азық-түлік көтерме бағамен сатылып келген екен деп хабарлады Астана қалалық ТЖД департаменті.
Жарылыс салдарынан үш адамның ауруханаға жеткізілгені хабарланған еді. Ал, түнде құтқарушылар үйінді астынан әйел адамның мәйітін алып шықты. Марқұм осы компанияның бухгалтері екен.
Ауруханаға жеткізілген үш адамның екеуі үйінді астынан өздері шыққан. Олар 1991 және 1970 жылы туған азаматтар, екеуінің де денесін күйік шалған. Ал, 1979 жылғы үшінші азаматты құтқарушылар тапты. 49 жастағы ер азаматтың жағдайы аса ауыр дейді дәрігерлер.
Жарылысқа себепкер болған газ баллоны жылыту қондырғысы ретінде пайдаланылыпты. Болжам бойынша ақау осы баллоннан шығуы мүмкін. Жарылыстың соңы өртке ұласқандықтан от 300 шаршы метр аумаққа жайылып үлгерген. Төтенше жағдайлар комитеті Владимир Беккердің айтуынша, нысан өрт қауіпсіздігіне қатысты тексерілмеген. Өйткені фирманың ашылғанына бір жыл да толмапты. Ал заң бойынша, орта және шағын бизнесті тексеруге 3 жылға дейін тыйым салынған.