ШҚО-да осыдан бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен жасөспірім қыз табылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі. Глубокое ауданы Быструха ауылында тұратын 15 жастағы Мөлдір үйден шығып, сол күйі оралмаған.
Мөлдірдің әпкесі Дана Батырхан журналистерге хабарласып, қыздың аман-есен табылғанын айтқан.
Әпкесінің сөзінше, Мөлдір құрбысының үйінде болған. Аяқ асты сим-картасы істен шығып, ұялы телефонының қуаты таусылып қалыпты. Жақындарының номерін жатқа білмегендіктен, бір күн бойы хабарласа алмаған көрінеді. Жеткіншек келесі күні жұрттың жар салып, іздестіріп жатқанын естіген. Үйдегілер ұрсады деген үрей билеп, хабарсыз жата беруді жөн көрсе керек. Соңғы сәтте ғана амалын тауып, әпкесіне қоңырау шалған екен.