$ 494.87  520.65  4.91

Жаңа Зеландия мешітінде мұсылмандарды қырып салған Брентон Таррант ұсталып, оған айып тағылды

Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында екі мешітте болған шабуылға байланысты қозғалған қылмыстық істегі басты күдікті 16 наурызда аймақтық сотқа жеткізілген. Өзін "ақ нәсілді ұлтшыл" деп атайтын Австралия азаматы 28 жастағы Брентон Таррантты қаруланған екі полиция қызметкері сот ғимаратына апарған деп жазады Азаттық.

Сотта Таррантқа "адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылған. Қылмысқа қатысы бар деп күдікке ілінген оның тағы екі "сыбайласы" да ұсталған.

Сенбі күнгі баспасөз мәслихатында Австралияның премьер-министрі Джасинда Ардерн ұстау кезінде де Тарранттың шабуыл жасауға оқталғанын айтқан. Премьер-министр қанды шабуылды айыптап, қару айналымы туралы жергілікті заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттігін мәлімдеген. Ардерннің айтуынша, шабуылдаушыда бес қару болған. Олардың бәрін заңды түрде алған.

Айыпталушы шабуыл кезінде Facebook-та тікелей трансляция жасаған. Ол әлеуметтік желіде 74 беттік ұлттық манифестің мәтінін жариялаған. Онда мұсылмандарды айыптап, мигранттарды "жаулап алушы" деп атаған. Әлеуметтік желіде Таррант әлемнің кез келген жері қауіпсіз емес екенін көрсеткісі келгендіктен шабуылды Жаңа Зеландияда ұйымдастыратынын айтқан.

15 наурызда Жаңа Зеландиядағы екі мешітке жасалған шабуылдан кемінде 50 адам қаза тауып, 20 адам жараланған. Ел билігі оқиғаны теракт деп атады. Әлем елдерінің жетекшілері Жаңа Зеландия халқына көңіл айтып, шабуылды қатаң айыптады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары