Шымкентте мобильді қосымшаларды қолдану аясы кеңеюде. Әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жұмыстары оң өзгерістерін көрсетуде. Бүгінде дәрігер қабылдауына жазылған пациенттер саны 150 мыңды құрады. Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мобильді қосымшалар тұрғындардың өмірін жеңілдетуге, уақыттарын үнемдеуге өз септігін тигізіп жатыр.
«Егер сіз қабылдауға мобильді қосымша арқылы жазылған болсаңыз онда көп ақпаратты көре аласыз. Мәселен, бұл жерде дерттердің тарихы мен диагноздар туралы барлық мәліметтер тұрады. Сондай-ақ, скрининг пен екпеден өтуге тиісті жандар үшін арнайы бөлім бар. Осы бөлім арқылы қай күні келе алатыныңызды біле аласыз әрі дәрігердің сізге жазып берген рецептісін көруге мүмкіндігіңіз бар. Осы ретте, айта кету керек, бұрынғыдай рецептіні өзіңізбен алып жүрудің қажеті жоқ. Неге десеңіз, ол ақпараттардың бәрін мобильді телефон арқылы білуге болады», – дейді Шымкент қаласындағы №3 емхананың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Наурызбай Амангелді.
Жағымды жаңалықтар тек бұл емес. Сондай-ақ, емделушілер өздерінің анализ қорытындыларын электронды нұсқада біле алатын болды. Яғни, бұрынғыдай сандалып жүрудің де, ауруханаға келудің де қажеті жоқ.
«Мобильді қосымшаның көмегімен емханамыздағы 50-ден астам лабораториялық зерттеулердің нәтижелерін біле аласыз. Әрбір адам өзінің жеке кабинеті арқылы анализ қорытындысын бланк форматында ала алады. Бұл дәрігердің жеке кабинетінде де жазылып тұрады. Бүгінде біз толықтай қағазсыз режимге көштік десем болады», – деп атап өтті Н. Амангелді.
Ведомоство берген мәліметке сәйкес, Шымкент қаласындағы №3-ші емхананың мобильді қосымшасын 11 мың адам қолданады. Ал аталған мекемеге барлығы 58 мың тұрғын тіркелген. Ақ халатты абзал жандардың айтуынша, жыл өткен сайын электронды қызметті пайдаланушылардың саны артып келеді. Яғни, 2017 жылы 2 мың адам электронды қызметті қолданса, ал 2018 жылы оның саны 18 мың адамды құрады. Ал ағымдағы жылдың 2 айының қорытындысы бойынша әзірге 8 мың пациент қолданып үлгеріпті.