Берік Асылов ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының Өкімімен Берік Ноғайұлы Асылов Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды», - делінген Ақорда хабарламасында.
Асылов Берік Ноғайұлы 1964 жылғы 28 ақпанда Жамбыл облысының Бірлік ауылында туған. 1991 жылы Қазақ мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Әр жылдары Алматыдағы Алатау ауданы прокуратурасының аға тергеушісі, Бас прокуратураның ерекше маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, Алматы авиациялық көлік прокурорының орынбасары, Шымкент қаласының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары, Ақтөбе облысының прокуроры қызметтерін атқарған.
2010 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары болған, 2011 жылдан Алматы прокуратурасын басқарған.
2017 жылдың ақпанынан осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры болып жұмыс істеді.