Қызылорда облысы Жалаңаш ауданы маңында апатқа ұшыраған тікұшақта 13 экипаж мүшесі қайтыс болған болатын. Олардың 8-і Алматы облысынан екені анықталды деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.
Тікұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің бесеуі Талдықорған қаласында тіркеуде тұрған. Олар биыл қаңтар айында ғана Ақтау қаласына қызметін ауыстырыпты. Аға сержант Мұрат Шарипов - 40 жаста, кіші сержант Асхат Абдулманат - 36, ефрейторлар Мирас Жұматаев - 28, Қуаныш Сарқытбаев - 33, Айдын Әбділданов - 40 жаста болған.
Ал Сарыөзек ауылының тумасы 25-тегі лейтенант Аслан Айтбаев отбасымен Алматыға қоныс аударған.
Қаза тапқандардың бірі майор Роман Костыгов. Марқұмның досының мәліметінше, оның артында жары мен тоғыз жасар баласы қалған.
Александр Немцов соңғы рет досымен үш күн бұрын сөйлескен.
«Ол өз жұмысын қатты жақсы көретін. Тікұшақпен ұшу ұнайтын. Оның он жылдық келісімшарты былтыр аяқталған. Бірақ Роман оны ұзартуды өтінген. Жоғары шенді қызметке дейін жетуді армандаған. Былай болады деп кім ойлады? Мен әлі сенгім келмейді», - дейді марқұмның досы Александр Немцов.
Еске сала кетсек, 27 наурызда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында бортында 13 адам бар тікұшақтың апатқа ұшырғаны хабарланды.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан.
Оқиғаға қатысты пікір білдірген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экипаж мүшелерінің қаза болғанын жеткізіп, олардың жақындарына көңіл айтты.
28 наурызда Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасап, борттағы 13 адамның барлығы қаза болғанын хабарлады.
Қаза тапқандардың бірі 37 жастағы талдықорғандық - Асхат Абдулманат. Кіші сержанттың артында 15 жыл отасқан жұбай мен кәмелетке толмаған төрт баласы қалды.
Тағы бір қаза тапқан азамат Мирас Жұматаев 28 жаста. Марқұмның анасы ұлын соңғы мәрте жұмысқа жібергесі келмегенін айтты.
Қайтыс болған талдықорғандық Мұрат Шариповтің де артында жұбайы мен төрт баласы қалған.