Жаңалықтар 03.04.2019 сағат 05:24

Былтыр 2 мыңнан астам нұр-сұлтандықты қаңғыбас ит қапқан

Былтыр Нұр-Сұлтанда 2 мыңнан астам адамды ит қапқан, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы. 

Былтыр 2 мыңнан астам нұр-сұлтандықты қаңғыбас ит қапқан
Көрнекі сурет
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

«Өзімізді қойшы, балалар үшін алаңдаймыз», - дейді ата-аналар. 

Кезбе иттің кесірінен көше айналып үйіне әрең кіретін бастауыш сынып оқушылары тағы бар. 

Жергілікті тұрғындарды алаңдататын басты мәселе - аурудың таралуы. Себебі бұл маңдағы иттер тойған жеріне үйренген. Ешкімді жатырқап, жатсынбайды. Балалар да қолындағы барын беріп, олармен достасқан. «Алайда ат теппейді, ит қаппайды деме» деген сөз бар қазақта. Осыдан сақтанған тұрғындар қауіпсіздік үшін бір шара қабылдау керек деп санайды. 

«Иесі бар ма, жоқ па оны біз білмейміз. Бұрынғы кезде онша білінбейтін. Бір-екі жылдың ішінде иттер көбейіп кетті. Кешке шығу қиын», - деп атап өтті қала тұрғыны Жұмакүл Ерекешова. 

Олар көктем мен күзде көбейеді. Бұралқы итті аулап, жоюға «Астана ветсервис» мамандары жауапты. Мәселенің бар екенін өздері де мойындап отыр. Оларға тәулігіне қаңғыбас ит қаптап кетті деген мәтіндегі 50 шақты шағым түседі. Былтыр иесіз кезіп жүрген 3 мыңдай итті ұстаған. Ал биылғы үш айда мыңға жуығын аулапты. Дегенмен оларды ұстап қамаумен мәселе шешілмейді дейді. Сондықтан стерилизациялауды ұсынып отыр. 

«Биыл 4 мың ит, мысыққа кастрация жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Алдыңғы жылдары мұндай әдісті қолданбайтынбыз. Үй жануарының көбеюін тежеудің жалғыз тиімді жолы осы. Экономикалық тұрғыдан да пайдалы. Олар көбеймесе, біздің шығындарымыз азаяды. Кастрация жасауға қажетті құрал-жабдық алынды. Мамандарымыз да жетерлік», - деді «Астана ветсервис» КМК бөлім басшысы Алпыспай Жұмаев. 

Қаңғыбас иттерді азайтудың тағы бір жолы - оларға уақытша пана табу. Бізде бұған мән беріп жатқандар аз. Жануарға жаны ашитын еріктілер бар. Бірақ олар қаңғып қалған иттерді қамқорлығына алатын орталықты өз бетінше аша алмайды. Себебі заңда қарастырылмаған. Сондықтан сарапшылар бұл мәселені шешуге кешенді түрде кірісу керек деп санайды. 

«Үй жануарын асырағысы келетіндерге жауапкершілік жүктеу керек. Мәселен Еуропа елдерінде ит не мысық асырайтын болсаң арнайы рұқсат қағаз аласың. Оның екпелерін салдырып, бағып қағуға міндеттісің. Көшеде қаңғыртып жібере алмайсың, Ал бізде ешқандай жауапкершілік жүктелмейді. Қаласаң асырайсың, қаламасаң қуып шығасың. Мұны заң жүзінде реттеу қажет. Иесіз қалған жануарларға қамқорлық көрсететін арнайы орталық ашу керек», - деді ветеринарлық клиниканың бас дәрігері Татьяна Кропивницкая. 

Осындай орталық астанада биыл пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Оның құрылысына бюджеттен 675 миллион теңге бөлінген. Нысан 500 қаңғып жүрген үй жануарына пана болады. 

Сарапшылардың айтуынша, орталықты жұмыс жағдайында ұстап отыру үшін айына 2 миллион теңге қажет.

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар