$ 444.32  473.33  4.76

Алматыда 10 мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Алматыда 10 мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бірнеше жылдан бері қызмет көрсетіп келген базардың аяқ астынан қызыл сызыққа шығып кеткені анықталып, жүзге жуық техникалық қызмет көрсету орталығын бұзу туралы сот шешімі шыққан. Ол аздай мыңдаған адам нәпақасын тауып жүрген базар да жабылуы мүмкін дейді саудагерлер, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

Ашуға булыққан жұрт қаладағы «Береке» және «Баянауыл» базарлары жабылған кезде осында көшіп келіп, қаңырап тұрған базарға жан бітіргендерін айтады. Енді ғана сауда қыза түскенде соттың шешімімен 3-4 жылдан бері жұмыс істеп келген техникалық қызмет көрсету орталықтары заңсыз деп танылыпты.

«Банктерден үлкен-үлкен несиелер алып, жақсы-жақсы жігіттерді жинап, бақандай 30 отбасыға жұмыс берудемін қазіргі сәтте. Бізге қазір қағаз келіп тұр. Бесінші сәуір кезінде ГАСК-тен адамдар келеді. Сот жүйелерінің орындаушылары келеді. Техникамен келеміз, ештеңе керек емес, құртамыз, жоямыз деп айтылуда», - дейді жеке кәсіпкер Мақсат Сағиев.

Қызыл сызықтың бойындағы 80-ге жуық техникалық қызмет көрсету орталығы сүрілмек. Әрқайсында 15-20 адамнан жұмыс істейді. Сот орындаушылары 5 сәуірге дейін өз еріктерімен босатпаса, мәжбүрлеп сүрілетінін ескерткен. 

Базардың шетінде орналасқан техникалық қызмет көрсету орталықтардың барлығы қызыл сызыққа ілігіпті. Ал мына нысан дәл базардың ортасында орналасқан. Бірақ не себепті бұның қызыл сызыққа іліккенін иесі түсіне алмай дал. 

Жеке кәсіпкерлер барлық талаптарға сай қызмет көрсету орталықтарын салу үшін банктерден несие алған. Егер кәсібіміз жабылатын болса , қарызымызды өтей алмай далада қаламыз, дейді. Оның үстіне автобөлшектер сатумен айналысатындықтан, оларды бірер күнде босату мүмкін емес екенін айтады. 

«Мен миллионнан артық төлеймін ай сайын. Менің 5-6 несием бар. Бәрі 200 бірдеңе мыңнан. КМФ-тан алдық екі үйім ипотекада, несие төлеп жатырмыз. Студент екі балам бар, мектепте оқитын оқушым бар», - дейді жеке кәсіпкер Саруар Ноғайбаева.

Бұл сауда орны 2005 жылы пайдалануға берілген. 2015 жылы екі бірдей автобөлшек сататын базар жабылғанда барлық кәсіпкерлерге сауда нүктелерін беріп, жағдайларын жасапты. Жалпы мұнда сатушы, жүк тасушы сынды өзге де жұмысшыларды есептемегенде 2 мыңнан астам жеке кәсіпкер бар екен. Техникалық қызмет көрсету орталықтарын сала бастағанда ешқандай сын, ескертпе болмапты. Тек өткен жылы «қызыл сызық» деген желеумен сотқа берген. Техникалық орталықтарды сүру мәселенің бергі жағы, дейді базар басшысы.

«Техникалық қызмет көрсету орталықтарын бесінші сәуірден бастап бұзады. Енді олар базарды тұтасымен бұзу үшін сотқа шағым түсірді. Оның себебін құжаттарың дұрысталмай жатып пайдалануға бердіңдер дейді.

Құжаттарымызға кезінде барлық органдар қол қойып, рұқсат берген. 2015 жылы әкімдіктегілер ешқандай талапсыз адамдарды қабылдаңдар деген. Қазір неге бұлай болып жатқанын түсінбей отырмыз», - дейді базардың әкімшісі Қайрат Аятаев.

Мәселенің мән-жайын білу үшін құзырлы органдарға хабарластық, алайда жауап алу мүмкін болмады. Ал, бір рет аузы күйген саудагерлер базардан ешқайда кетпейміз деп отыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары