$ 494.87  520.65  4.91

«Астана-1» ақпараттық жүйесі құжат рәсімдеу уақытын қысқартты

Кеден тұрақтарындағы құжат рәсімдеу уақыты қысқарып, физикалық түрде бару қажеттілігі жойылуда. Бұл «Астана-1» ақпараттық жүйесінің іске қосылуының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Осылай деп ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Алматы қаласындағы іссапарым барысында «Алматы» мен «Алмалы» Кедендік рәсімдеу орталықтарында болдым. Ол орталықтарға «Астана-1» ақпараттық жүйесінің енгізіліп, оңтайландыру жұмыстарынан кейін аталған мекемелер Сүйінбай көшесінде қызмет етуде. Яғни, 18 наурыздан бері бір аймақта орналасты. Бұрын барлық жүктер екі жерден рәсімделетін, қазір осы көлемнің барлығы бір жерде рәсімделеді. Бастысы, рәсімдеу уақыты барынша қысқартылып, кеден органына келудің қажеті болмай қалды. Мұның бәрі «Астана-1» ақпараттық жүйесінің арқасында мүмкін болып отыр», – деп жазады Р. Еңсебаев.

Вице-министрдің сөзінше, тұрғындардың қаржылық және салықтық сауаттылықтарын арттыруда ХҚО-лардың тәжірибесі қолданылатын болады.

«Біз жүйелерді модернизациялап, деректерді өзектендіру жұмыстарын аяқтаған кезде едәуір ресурстарды босатуға мүмкіндік аламыз. Менің ойымша, өз-өзіне қызмет ету аймақтары кеңейе түсетіні сөзсіз», – деп түйіндеді Руслан Сәтбекұлы.

Еске сала кетсек, «Астана-1» ақпараттық жүйесі 2017 жылдың қазанында іске қосылған болатын. Бұл жүйені жасап шығару үшін 2 жылдай уақыт кетті. Оның басты артықшылығы – құжат айналымын тездетуге, жұмыс жылдамдығын арттыруға ықпал ете алуында десек болады. Сонымен қатар, автоматтандырылған бақылау жүйесімен қамтамасыз ете алды. Қазіргі таңда аталған жобаның аясында кедендік процедуралар жеңілдеп, тауар айналымы едәуір артты. Құжаттарды рәсімдеуге кететін уақыт та төмендей түсіп, барлық процестер автоматтандырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары