Бүгінде елімізде кеден ісін автоматтандыруға арналған жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соның бірі – «Бірыңғай терезе» порталының іске қосылуы. Бұл сыртқы сауда қатысушыларының жұмыстарын жеңілдетуге арналған. Осылайша, экспорт пен импорт операциялары оңайға түсіп, нарықтық қатынастар дами түседі.
26-27 наурыз күндері аталған порталды таныстыру жұмыстары Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өтіп, жеке кәсіпкерлер «Бірыңғай терезе» порталының мүмкіндіктерімен танысты. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да осыған орай жиын ұйымдастырып, онда бизнес-қауымдастық жоба туралы тың ақпараттарды біле алды. Ол наурыздың 26-да өткен еді.
«Сауда процедурасын жеңілдету үшін кеден процестерін барынша автоматтандыру кез келген Үкіметтің басты бағыттарының бірі саналады. Бүгінгі таңда сыртқы экономикалық қызметтің қатысушыларына әртүрлі құжаттарды алу үшін әртүрлі жерлерден рұқсат алу керек. Ал «Бірыңғай терезе» порталы арқылы экспорт пен импорт операциялары бойынша қызметтер мен ақпараттарды бір жерден ала алмақ», – деп жазады ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев өзінің Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, «Бірыңғай терезе» порталы 13 ақпараттық ресурсты біріктірді. Онда кеден операцияларын жүзеге асыруға қажетті ақпараттар мен мәліметтер қамтылған. Жоспарға сәйкес, болашақта тағы 11 ақпараттық жүйемен келісімге келу көзделіп отыр. Осылайша, аталған саладағы цифрландыру жұмыстары біртіндеп орындала бермек.
Айтулы жоба ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті мен БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Ақпарат үшін айта кетсек, порталдың қызметін www.eokno.gov.kz сілтемесі арқылы қарай аласыз. Егер де сауалдарыңыз болса Telegram каналына (https://t.me/eoknokz.) жазсаңыздар болады.