04.04.2019, 06:36

Ресей отанына депортациялау ақысын төлеуді мигранттардың өзіне төлетпек

Көрнекі сурет

Ресей ішкі істер министрлігі Ресейден отанына депортациялау ақысын төлеуді мигранттардың өзіне міндеттейтін заң жобасын әзірледі. Ведомство ұсынысы нормативтік құқықтық актілер жобалары жарияланатын сайтта шықты. Өзгерістер әзірге «Ресейдегі шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы» заңға енгізілмеген деп жазады Азаттық.

Қазір азаматтарды депортациялау ақысын Ресей өз бюджетінен төлейді.

Бірақ 2017 жылы Ресейде депортациялау ережесі бойынша норма күшіне енген. Ол бойынша, Ресей аумағында жүруіне тыйым салынған шетелдік азамат ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің бақылауымен ұшаққа не пойызға билет сатып алып, депортацияланбастан өз еркімен елден кете алады.

Сондай-ақ «Ресейге кіріп-шығу тәртібі туралы» заңда «шетелдік не азаматтығы жоқ тұлға Ресейде жүргенде қандай да бір салықты болмаса әкімшілік айыппұлды төлемесе, келесі жолы оған Ресейге кіруге рұқсат берілмейді» деген тармақ бар.