30.10.2015, 03:45

Шымкент әкімі мектеп директорларын өзі тағайындайтын болды

http://kz.otyrar.kz/

Шымкентте мектеп директорларын тағайындау комиссиясын қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымовтың өзі басқаратын болды. Осы комиссияның алғашқы отырысы әкімдік ғимаратында өтті.

Онда екі бірдей білім ошағының басшысын тағайындауға байқау жарияланған деп хабарлайды Отырар арнасы.

Еске салайық, 2015 жылдың тамыз айында шаһар педагогтарының дәстүрлі конференциясына қатысқан Ғабидулла Әбдірахымов білім саласына көңіл көбірек бөліп, ұстаздардың мәртебесін өсіруге атсалысамыз деп уәде еткен болатын. Енді қаладағы №95 және 71 мектеп директорларының бос орнына жарияланған байқауды өзі басқарды.

Жаңадан ашылған №95 мектепті және директоры зейнеткерлікке шыққан №71 білім ошағын басқаруға үш үміткер бақ сынаған. Әрине, ұжымға жетешілік ету оңай шаруа емес. Өскелең өренге сапалы білім мен саналы тәрбие беретін шаңырақты шайқалтпай, ұстаздардың ұлағатын арттыруда қойылған талап та күшті.

Байқауға қатысқан 6 үміткердің ішінен №95 мектеп директорының орынбасары ғана аталған білім ошағын басқаруға лайықты деп танылды.

Жасыратыны жоқ, мектеп директорларын осындай тәсілмен тағайындауды шымкенттіктер әлдеқашан қолға алған болатын. Бірақ бұл әдіс әрі бармай, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келген.

Осы жолы да жариялылық ұзаққа жалғаса қоймады. Өйткені алғашқы тағайындаудан кейінгі байқаудың барысы жабық есік жағдайында жүрді.