Қарағанды облысында жаяу жүргіншіні қағып өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтату үшін пара алған полиция майоры әшкереленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Қарағанды облысы бойыншы департаменті ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы полиция басқармасы Мұстафин кентінің полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майорының парақорлық фактісін анықтады», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының баспасөз хатшысы Арман Бердалин елордада өткен брифингте.
Полиция майоры жаяу жүргіншіні қағып өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтату үшін азаматтан 300 мың теңге сомасында пара алу бойынша күдікті деп танылған.
«Кінәсін толық мойындауына байланысты процестік ұстау қолданылған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр», - деді А. Бердалин.