05.04.2019, 03:03

Түркістан облысында үйі өртенген отбасы далада түнеуге мәжбүр

Түркістан облысында бүтіндей бір отбасы далада қалды. Барар жер, басар тауы қалмаған Қошқаровтар жаңбырлы түнге қарамастан, ашық аспан астында түнеп жүр деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Бүрсеңдеген балаларын туыстарының үйіне жіберіп, ересектері өртеніп кеткен үйді күзетуде.

Жадыра Қошқарова 4 қабырғасы ғана қалған үйінен айналшықтап кете алмай жүр. Бар ойы баспананы тездетіп қалпына келтіріп, өз босағасына көшіп алу. Бірақ, сағымға айналған арман, әзірге орындалар емес. 

«Тапчандамыз, күндіз мына үйге кіріп сәл жылынып аламыз, түнде бірақ, тапчанда жатамыз», - дейді Жадырова Қошқарова.

Оқыс оқиға күндіз болыпты. Отанасы үйде нан пісірмек болып, тоқ пешін қосқан. Кенет от шығып, әп-сәтте бөлменің іші жана бастаған. Өз күштерімен өртті өшірмек болғанмен, ол әрекеттерінен ештеңе шықпаған. Сөйтіп, бас-аяғы жарты сағатта баспана түгелмен жанып кетіпті. Киім-кешек, көрпе-жастық, қала берді, құжаттары да күлге айналған. Баспанасыз қалған жанұяға ең алдымен дәрігерлер көмекке келіпті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен кәсіподақ ұйымы азық-түлік пен киім-кешек жеткізіп берген. 

«Аз болса да көптей көрсін. Бұл біздің жұмысымыз әрі қарай жалғаса береді. Қазір біз тізім жинап жатырмыз кәсіподақтардан ары қарай кімге көмек көрсете аламыз деп», - деді кәсіподақ ұйымының төрағасы Асхат Ақылбеков. 

Осы күні отбасының екі немересі уақытша нағашысының үйінде жүр. Баспана қалпына келген соң, алдырмақшы. Ал, оған дейін, ауылдастары жабылып, қаржы жинауға көшкен. Демеушілер де ат салысып жатыр екен.

«Қаражат жиналып жатыр. Осы сәуірдің 10-15-нен бастап жәрдем береміз. Толық шатырды ауыстырамыз», - дейді Қызылқұм ауылдық округнің әкімі Нұрақбай Қойлыбаев.

Сондай-ақ, бұл отбасыға ауданда төтенше жағдай бола қалған кезде пайдаланатын арнайы қор есебінен 250 мың теңге бөлу қарастырылыпты. Жуырда аудандық мәслихаттың сессиясында ол сома бекітілген де. Енді ел болып, асарлатып, үйдің құрылысын аяқтамақ ниетте.