Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин Орталық Азияға сапары аясында 21-23 сәуір күндері Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді», - деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, Корея Президенті сапар аясында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізеді.
Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық, сауда-саттық, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер және корей түбегіндегі ахуал қозғалады.