Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайларды жедел хабардар ету үшін тегін мобильді қосымша іске қосылды.
Мобильдік қосымшаны Android және IOS негізінде үш тілде: мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде смартфондар мен планшеттердің барлығына жүктеуге мүмкіндік бар.
- Мобильдік қосымшаны қолдану арқылы жақын арада Алматы аумағында туындау қаупі бар тосын ауа райы жайында (соның ішінде дауыл ескертуі) білуге болады. Бұл жалпы қала халқын төтенше жағдайлардың туындау қаупі және пайда болуы туралы хабардар етуге арналған бағдарлама. Бағдарламаны жүктегеннен кейін, жер сілкінісін ескерту жүйесін енгізгенде сізді жер сілкінісі туралы алдын-ала хабардар етеді. Қазіргі уақытта шамамен 2 мың желі пайдаланушысы бағдарламаны жүктеген», - деп хабарлады Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» және сейсмологиялық эксперименттік-әдістемелік экспедициясының ауа райы туралы есептерін алғаннан кейін ескертулер жасайды. Содан кейін деректер жүйеге енгізіліп, пайдаланушыларға ескерту хабарландыруларын жедел жіберіп отырады. Жобаны Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, Алматы қаласының даму орталығы және қазақстандық әзірлеуші компания - «I2NIK» ЖШС біріге отырып, «Ақылды Алматы» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырды.
Бұл жобаны әзірлеу барысында шет елдік тәжірибелерге зерттеу жасалған. Нақтырақ айтсақ, Жапония мен Америка Құрама Штаттарының тәжірибесі «Дармен» жедел хабарлау бағдарламасын әзірлеу үшін негізгі нысанда зерттелді. Естеріңізге сала кетейік, 15-сәуірден бастап қала тұрғындары «Дәрмен» бағдарламасы және SMS-хабарламаларды пайдалану арқылы алдағы тосын ауа-райы жөнінде хабардар бола алады.