$ 494.87  520.65  4.91

Қарағанды облыстық Ассамблеясы мемлекеттік бағдарламаларды xалық арасында түсіндіруді бастады

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен мемлекеттік бағдарламалар және  халықты мемлекеттік қолдау шараларын халық арасында ақпараттық – түсіндіру мақсатында Нұра, Осакаров және Абай аудандарында  кездесулер басталды. 

Облыстық Ассамблея мүшелерімен бірге  алғашқы болып Нұра ауданында   ұйымдастырылған  бүгінгі көшпелі кездесу тобының құрамында Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, «Даму» қорының,  кәсіпкерлер палатасы мен банк, жастар ұйымының өкілдері болды.

Кездесудің  басты тақырыбы  –   Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мемлекеттік органдардың халықпен тиімді кері байланыс тетіктерін енгізу»  арнайы жобасын жүзеге асыру болды.  Шараны отырыс модераторы, Нұра ауданы әкімінің орынбасары Мұратбек Тұраров ашып беріп,  кездесудің мақсатымен таныстырды.   

Қазіргі кезеңде еліміз үшін ең бастысы – адамның дамуы, әлеуметтік капитал, әр адамның әл-ауқатының өсуі, өмірінің жақсаруы.  Азаматтық қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал ететін заманауи құралдардың бірі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестері болып табылатыны кездейсоқтық емес. 

Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі міндеті – азаматтық, қоғамдық келісім және қоғамдағы жалпыұлттық бірлік қағидатында қазақстандық бірегейлікті нығайту және дамыту. Және сол мақсатта  азаматтық қоғам институттарын, саяси және үкіметтік емес ұйымдарды, өзге де бірлестіктерді бір арнаға шоғырландыру болып табылады. 

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында Қоғамдық келісім кеңестері этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастар мәселелерін шешуге белсенді қатысушылар ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік үдерістердің тиімді қоғамдық модераторы болып табылады. Президенттің тапсырмасы бойынша қазір іске асырылып жатқан маңызды бағыттардың бірі – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тетігін жетілдіру.  

Осыған байланысты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі бірқатар қойылған сауалдарға жауап берді. Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім»  мекемесінің басшысы Ерлан Құсайын облыстық Ассамблеяның алдындағы жоспары мен бүгінде атқарылған бірқатар жобаларына тоқталды. 

Сондай ақ, бизнесті енді бастап жатқандарға пайдалы ақпаратты «Даму» қорының қызметкері егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтарды, мемлекеттік емес ұйымдарды қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті құру мен күшейту үрдісіне тартуға,   әлеуметтік және қордаланған басқа да мәселелерді шешуге атсалысуға, қайырымдылықты, бітімгершілікті-медиацияны, делдалдықты және қоғамдық басқару жүйесін дамытуға бағытталған  облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері де  халықтың пікірі мен ұсыныстарын тыңдап қайтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары