Бұл факті туралы Қостанай облысы әкімінің қатысуымен өткен денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген коллегиясы барысында айтылды. Қайғылы оқиға Жангелді ауданында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Орал Бекмағамбетовтің айтуынша, оқиға орталық аудандық ауруханада болған.
«Қазір тәуелсіз сарапшылар тартылып, тексеру жүргізіліп жатыр. Бір жарым аптадан кейін тексеру аяқталады. Сарапшылар барлық құжаттарды қарап шықты. Біз қазір олардың қорытындысын күтіп отырмыз. Медицина қызметкерінің кінәсі бар», - деді О.Бекмағамбетов.
Әкім бұл жағдайға бей-жай қарамай, істің мән-жайын анықтауды және кінәлілерді жазалауды тапсырды.
«Жыл басынан бері бірінші рет ана өлімі тіркеліп тұр. Бұл факті бойынша медицина қызметкері жазаланады. Егер оның кінәсі дәлелденсе, жұмысынан шығарамыз. Тексерудің нәтижесін маған баяндаңыз», - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов О.Бекмағамбетовке.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник бұл оқиғадан кейін Акушерлік ісі, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мамандары осы ауданның дәрігерлеріне семинар өткізгенін хабарлады.