Қостанай облысындағы Достық үйінде этномәдени бірлестіктер бас қосып, 9 маусымда өтетін кезектен тыс ҚР Президент сайлауын талқылады. Жиында сөз алған Қостанайдан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Бибігүл Аккужина кезекті сайлаудың дер кезінде өткізіліп отырғанын айтты.
«9 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті елімізде сайлаудың уақытынан бұрын өткізілетінін жариялаған болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Халық Ассамблеясын бітімгерлік белсенділік пен халық бірлігі мен ұлтаралық келісім мәселелермен байланыстырады. Сондықтан ассамблеяның этномәдениодағы, Әйелдер кеңесі, Медиаторлар кеңесі, ғылыми-сараптамалық кеңесі бүгін бір ауыздан сайлауды, еліміздің тұғырлы болашағы үшін қолдау білдіреді», – дейді ол.
Сайлау Қазақстанның ішкі саясаты үшін қаншалықты маңызды екендігін түсіндіру үшін Ассамблеяның басқа қызметкерлері өз ойларын ортаға салды. А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ професссоры, ассамблея мүшесі Жақып Қалқаманның пікірінше, бұл сайлау елдің ішкі және сыртқы саясаты үшін маңызды.
«Бірінші президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі мақсаты мен тапсырмалары айқын. Оның саясатын біз жалғастыруымыз қажет. Бірақ оны ел бірлігі мен тұрақытылығын сақтап ғана іске асыра аламыз. Сол үшін де біз өз таңдауымызды 9 маусымда жасауымыз керек. Бұл сайлау еліміздегі саяси партиялық жүйеге жаңа серпін береді»,- деп пікірін сеніммен жеткізді.
«Қазіргі уақытта бүкіл әлем Қазақстанға көз тігіп, елдегі саясат қалай бағыт алатынын назарға алып отыр. Сондықтан сайлаудың биыл өткізілуі, меніңше өз уақытын тапқан дұрыс шешім. Халық елбасымыздың сарабдал саясатының одан әрі де жалғасатынын түсінгені дұрыс. Мұның дәлелі ретінде қазіргі президентіміздің жұмысын келтіруге болады. Қостанайлықтардың сайлауға бірауыздан қатысатындығына күмән келтірмеймін»,– дейді поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы Виктор Радамский.
Бұл күні бәрі де сайлау жайында пікірлерін ортаға салды. Жиынға қатысушылар алдағы өткізілетін сайлау қазақстандықтар үшін тарихи оқиға екеніне, оның болашаққа нық қадам жасауға, ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басуға мүмкіндік беретіндігіне сеніммен қарайды.