$ 494.87  520.65  4.91

Леңгірдегі жертөлесі септикке айналған үй Тоқаевтың сөзінен кейін қалай өзгерді? (ФОТО)

Түркістан облысы Төлеби ауданының орталығы Леңгер қаласындағы жертөлесі септикке айналған осынау көпқабатты үйді бар Қазақстан болмаса да көбі біледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың твиттеріне шыққан үйдің қазіргі жай-күйі қалай? Түркістан облысының әкімдігі Президенттің мұндағы мәселені шұғыл түрде шешу тапсырмасын қалай орындап жатыр? SN.KZ ақпараттық порталының тілшісі президентің назарындағы үйге арнайы барып, тұрғындарымен сөйлесті. Мемлекет басшысы тапсырма бергелі не өзгергенін көріп қайтты. 

Леңгердегі 25б нөмірлі 5 қабаты үйде 60 пәтер бар. Үш подъезден тұрады. 60 пәтерден шыққан кәріз суы жиналып, ауладағы жалғыз септикке құйылады. Бұрын бар-жоғы 40 текше метрлік септикке сыймай, сыртқа таситын болған. 

 

 

Бұл үйдің талай жылдан шешілмеген мәселесін отандық «31-телеарна»  эфирінен көрсетті. Сол сюжет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жетті. Мемлекет басшысы 29 наурыз күні твиттеріне «Премьер-министр мен Түркістан облысының әкіміне Леңгерлегі көппәтерлі үйдің өткір мәселесін шұғыл түрде шешуді тапсырамын» деп жазды. Президент бір твитін арнаған сәтте мұндағы жағдай күрт өзгеріпті. Тіпті әкімдіктегілер жүгіріп жетіп, коммуналшылар 3-4 сағатта жертөлені нәжіс суынан мұнтаздай тазалаған.

Президент тапсырмасынан кейін әкімдік қызметкерлерінің зыр жүгіріп, барын реттеп, жөндеп бергеніне таңқалып қуанған көп тұрғынның бәрі – зейнеткер Анна Лысенко. Жалғыз үйі апатты деп танылып, 2012 жылы осында көшкен ол жертөлесі кәріз суына толып қалатын подъездің бірінші қабатында тұрады. Септикке айналып кеткен жертөленің бар азабын көрген жан. 

«Қазір бәрі жақсы. Жертөлеміз құрғақ, бұрынғыдай сасыған су, мүңкіген иіс жоқ. Бұрын суға толып, нәжіс пен дәретхана қағазы қалқып жүретін. Біз мына бірінші қабатта тұрамыз. Дәл жертөленің үстіндеміз. Үйде отыра алмайтын едік. Сасық иіске шыдау мүмкін емес еді», – дейді Анна Лысенко. 

Оның сөзін көршісі Мақпал Қожабекова да растайды. II топ мүгедегі Мақпалдың үш баласы бар. 

«Бізде қазір 60-ақ үй деп ойлайды. Бірақ, ойлап қарасаңыз, бұл дегеніңіз бір ауыл. Көп адам тұрады. Әр үйде 5-6 баласы, кейбірінде мүгедек балалары, кемпір-шалы бар. Күніне қанша рет дәретханаға шығады. Енді қазір президент тапсырма бергенінен кейін, екі апта болды, жөндеп жатыр. Бізді ескергеніне рахмет», –дейді Мақпал. 

65 жастағы Арыстанбек Өмірбековтың үйінде мүгедек баласы бар. Әйелі қайтыс болған азамат күні-түні перзентінің күтімін жасайды. 

«Өзім Анна екеуміз-ақ жертөленің мәселесімен әкімдікке барып, шағым айтып жүрдік. Баламды біреуге тастап, баратынмын. Мына жертөле жаман еді, толып қалатын, саситын. «Істейміз, істейміз» деп уәде беретін. Бірақ істемеді. Содан «31-арнаға» хабарласып, айттық. Жанайқайымыз Президентке де жеткен екен. Бәрі жүгіріп келді», –  Арыстанбек Өмірбеков.

 

Орталық кәріз жүйесіне қосылмаған тұрғын үйдің негізгі мәселесі – ауладағы септигінің сыйымдылығында болып отыр. 40 текше метрлік септикке 60 үйден шыққан кәріз суы сыймағандықтан да толып, таси берген. Сондықтан да жергілікті әкімдік бар септиктің жанынан сыйымдылығы 100 текше метрлік септик салуға шешім қабылдаған. Оның құрылысын «Ленгер су» мемлекеттік коммуналды кәсіпорны жүргізіп жатыр. 

Осы мекеменің бас инженері Айтбай Тәжібаевтың сөзінше, жаңа септик алдағы 10 күнде салынып, бітеді. 

«Жаңа септиктің бетоны құйып жатырмыз. Гидроизоляциясы да жасалуда. Табанын да бетондаймыз. Өйткені, жер асты суы 5-6 метрден шығады. Технологияға сәйкес салып, бәрін арқаулаймыз. Төбесіне де бетон құйып, жабамыз. Плитка қоймаймыз. Сонда иіс шықпайды. Барлық талаптарына сай септик болады. Еш зияны болмайды. Күнде тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Мынау тесікке үйден кәріз суы құбырмен келіп түседі. Ал қалдық суды көлік мына тесіктен алады. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін де аулаға кірмейді. Алдағы 10 күн ішінде толық бітіріп, төбесін де жауып, пайдалануға береміз. Осы жаңа септивтің құрылысын біздің жүктеді», – дейді «Ленгер Су» МКК мекемесінің бас инженері Айтбай Тәжібаев. 

Инженердің айтуынша, айына бұл кіші септиктің кәріз суын сорып, шығаруға жанармайы бар, жұмысшылардың жалақысы бар, 300 мың теңге кетеді. Ал мына үйден кәріз суын тазарту қызметіне айына барлығы 8700-9000 теңге жиналады. Сонда 9 мың теңгені шегерсе, 291 мың теңге шығын кетеді. 

Бұрын жауын-шашын болғанда жертөле одан сайын толып, подъезден көшеге дейін, ауланы басатын. Енді мына жаңа септик біткен соң, бәрі жақсы болатынына сенетінін айтады олар. 

«Десе де келешекте біздің үйдің де кәріз құбырын орталық кәріз жүйесіне қосу қажет. Маңыздысы осы. Уәде еткендей, кәріз жүйесіне қосып берсе екен. Бірінші шағынауданда тазалау құрылғылары бар. Насостар сатып алып, сол жаққа жалғайтынын айтқан еді», – дейді Лысенко.

Айта кетсек, 1974 жылы салынған үй орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Оны қосу сол салынған кезінен қарастырылмапты. Тек ауласына септик қойған. Бұл тұрғын үй алдын 30 отбасына шақталған үй жатақхана болыпты. Кейін түрлі санаттағы әлеуметтік аз қамтылған топтарға жалға берілетін үйге айналған. 

Жомарт ИСА

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары