Белсенді Жақсыбай Бәзілбаев 9 маусымда өтетін Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына қатысатынын айтты. Бұл туралы ол 19 сәуірде Алматыда өткен баспасөз жиынында мәлімдеді, деп жазады Азаттық.
Ол сайлауға «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық ұйымының атынан түспек.
«Қазақстандағы орыс қауымдастығы» Бәзілбаевтың ұйым атынан сайлауға түсу ниетін «жиын барысында білген». Жиынға келген ұйым өкілі «бұл өтінішті енді ғана естігендерін, бір апта ішінде ақылдасып, шешім қабылдайтындарын» айтты.
Жиын кезінде Бәзілбаев сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
«Қорғаныс қабілетін нығайтудан бастаймын. Еуропа одағы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымын қолдаймын. Еуразиялық одақ аясында Ресейге қорғаныс коалициясын құруды ұсынамын», – деді ол.
Бәзілбаевтың екі беттік сайлауалды бағдарламасында зейнеткерлерді коммуналдық төлемнен босату, көп балалы аналарға тегін баспана беру, оқу мен медицинаны толықтай тегін ету және әр қалада зауыт-фабрика салу жоспары бар.
67 жастағы Жақсыбай Бәзілбаев бұған дейін төрт рет – 1998, 2005, 2011 және 2015 жылдары өткен Қазақстан президенті сайлауына өзін-өзі ұсынғанымен, саяси бәсекенің соңғы кезеңіне жетпей, өз еркімен шығып кеткен.
1998 жылғы президент сайлауында Бәзілбаев бәсекелесі Нұрсұлтан Назарбаевтың пайдасына сайлаудан шығатынын мәлімдеген. 19 сәуірдегі баспасөз мәслихатында Азаттық Бәзілбаевтан «Осы жолы сайлауда әлдебір кандидаттың пайдасы үшін сайлаудан шығып қалмайсыз ба?» деген сұрады.
«Шықпаймын. Заңда қозғалыс не партия атынан түссең, сен шешпейсің, сені кім, қай партия ұсынады – солар шешеді. Сондықтан мені ұсынса, түсемін, тәуекел», – деп жауап берді ол.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін айтқан.
Қазақстан президентігіне үміткерлерді жариялау 10 сәуірде басталды. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуір 18.00-ге дейін жалғасады. Үміткерлер 11 мамырға дейін тіркеледі. Сайлауалды үгіт-насихат тіркеу аяқтала сала басталып, сайлау күні аяқталады.