Ұлы күйші, композитор, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісоваға елордада ескерткіш орнатылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Төлеген Қуанышевтің мәлім еткеніндей, күй анасына ескерткіш қою мәселесі біраздан бері әңгіме болып келеді.
«Парламент қабырғасында жүрген кезден бері бұл мәселені қозғап келе жатыр едік. Дина анамыздай ұлы күйшіге елордамызда еңселі ескерткіш орнатылса, оның қала үшін көрікті жер болатыны, ал жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екені ақиқат. Жуырда Мәдениет және спорт министрлігінен хат алдым. Онда Қазақстанда орнатылатын монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия отырысының хаттамасы қоса жіберілген.
Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар ескерткіштер орнатылатыны баяндалған. Аталған хаттамада Дина Нұрпейісованың ескерткіші бой көтеретіні атап көрсетілген», – деді Төлеген Шаңғытбайұлы. Сонымен қатар күй анасына шөбере болып келетін Т.Қуанышев өз сөзінде Дина Нұрпейісова энциклопедиясын шығаруды қолға алғанын жеткізді. Соған орай біраз жылдан бері күйшінің өмірі мен шығармашылығын түгел қамтитын материалдарды жинап келе жатқанын айтты. Қазір энциклопедия жобасы 500 беттен асқан.
Айта кету керек, Дина Нұрпейісова 1861 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Бекетай құмында дүниеге келген. 1955 жылы Алматы қаласында өмірден озды. Ол 9 жасынан бастап домбыра тартқан, сол кезде күй атасы Құрманғазы жас дарын иесінің болашақта үлкен күйші болатынын аңғарып, Динаға батасын берген. Динаның жан тебірентерлік ғажап күйлері халқымыздың рухани қазынасын толықтырды. Оның күйлері еліміздің алтын қорында сақтаулы тұр.
Еліміздің бірқатар өңірлеріндегі өнер ұжымдарына күйшінің аты берілген. Елордада күйші Дина көшесі бар. Бұдан бұрын Оралда Құрманғазы мен Динаға ескерткіш ашылғанын жазған болатынбыз.