$ 498.34  519.72  4.85

ЭКСПО байрағы Астанаға жеткізілді

Италияда өткен «EXPO MILANO-2015» бүкіл әлемдік көрмесінің ресми жабылуы салтанатында ЭКСПО байрағын Қазақстан Республикасына табыстау рәсімі өтті, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Байрақты ресми түрде табыстау рәсімі кезінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК төрағасы Ахметжан Есімов пен ЭКСПО-2017 бас комиссары Рапиль Жошыбаев ХКБ бас хатшысы Висенте Лоссерталес пен ЭКСПО-2015 бас комиссары Бруно Паскуинодан ЭКСПО байрағын қабылдады.

Бүгін бұл байрақ Астана қаласына жеткізілді.

- Келешек ЭКСПО-ға табысталған байрақты елімізге алып келдік. Бұл жай ғана жалау емес, бұл – еліміздің жаңа табыстарға жетер жолы деп білеміз. Елбасымыз Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейлі 70-ші сессиясында атап өткендей, Қазақстан әлемдегі «жасыл» энергия технологиясын алға жылжытуда бастау бола алады. Біз ұсынып отырған «Болашақ энергиясы» тақырыбы күн санап өз өзектілігін арттыруда,- деп мәлімдеді «ExpoMilano 2015» бүкіләлемдік көрмесіндегі ҚР ұлттық секциясының Бас комиссары Әнуарбек Мусин.

Астана ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу орны ретінде Астана 2012 жылдың 22 қарашасында Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) 152-ші Бас Ассамблеясы кезінде ХКБ-ның мүшесі болып табылатын 161 мемлекеттің өкілінің жасырын дауыс беруі барысында таңдалды. Астана өтінішін 103 ел қолдады.

«Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің негізгі тақырыбы - «Болашақ энергиясы». Ол халықаралық қоғамдастықтың ғаламшарға көп әсерін тигізіп отырған энергияны тұтыну проблемасына алаңдаушылық танытады. Көрменің басты мақсаты - жауапкершілікке шақыру, адамдардың ғаламшардағы энергияны тұтынуды жоспарлау және қадағалауды үйренуі үшін пікірсайыстарды ынталандыру және білімді қалыптастыру, сол арқылы табиғатқа келетін зиянды азайту. Аталған міндеттерді іске асыру көрме тақырыбының: «Адамзаттың ұлы проблемасын шешу» тақырыпшасында көрсетілген.

Көрменің басты тақырыбы CО2 шығарындыларын азайту, энергиялық тиімді өмір салты, барлығы үшін энергия тақырыпшаларымен ашылады.

Халықаралық мамандандырылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанда 2017 жылы 10 маусым-10 қыркүйек аралығында өтеді. ЭКСПО-2017 көрмесіне 100 елдің өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, 2 миллионнан астам келуші күтілуде, болжам бойынша, олардың әрқайсысы көрмеге екі не одан да көп рет келеді, осылайша келушілер саны 5 миллионға жуықтайды. Келушілердің 85 пайыздан астамы қазақстандықтар, ал 15 пайызы - шетелдік мемлекеттердің азаматтары болатыны, көбі ТМД және Қытай елінен келетіні жоспарланып отыр. Сондай-ақ Еуропа, Түркия және АҚШ-тан туристердің көп келуі күтілуде.

Бүгінде «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу бойынша 8 келісім орнатылған, көрмеге қатысатынын 51 ел, 11 халықаралық ұйым растап, секциялардың 25 комиссары тағайындалған.

Қазақстанның туы ЭКСПО мамандандырылған көрмесінде алғаш рет 1998 жылы Лиссабонда көтерілді. Белсенді экспонент ретінде Қазақстан көрмеге 2005 жылдан бері қатысып келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары