Ертең 4 қарашада Астана мен Алматы қалаларында «007: Спектр» голливудтық блокбастердің тұсаукесері өтеді.
«007: Спектр» 2011 жылдан бері қазақ тіліне аударылған 12-ші, ал 2015 жылғы 3-ші фильм. Бұл жоба «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ демеушіліренің аясында жүзеге асырылуда, деп жазады BAQ.KZ
Дубляж режиссері - Айжан Жамшитова, ол осыған дейін «Малефисента», «Жаңа Өрмекші-адам», «Күлбике» фильмдерінің аудармасына қатысқан еді. Ал, фильмнің басты кейіпкерлерінің даусын қазақ тіліне дыбыстаған актерлар: Ержан Жарылқасынов (Дэниэл Крэйг), Күнсұлу Шаяхметова (Моника Беллуччи), Азамат Қанапия (Кристоф Вальц), Самат Қордабаев (Рори Киннер) дыбыстады. Дубляж жұмыстары Алматыдағы «Cinematone» студиясында жүргізілді.
Айта кетейік, қазақ тіліне аударылған «007: Спектр» фильмі еліміздің кинотеатрларында ағымдағы жылдың 6 қарашасынан бастап көрсетіле бастайды.
Естеріңізге салсақ, бес жылдың ішінде елімізде отбасылық көруге ұсынылған 11 голливудтық блокбастер қазақ тіліне дубляждалды. Олардың ішінде «Көліктер», «Қара киімділер», «Батыл жүрек», «Жаңа Өрмекші адам», «Монстрлар», «Жалғыз рейнджер», «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат», «Малефисента», «Галактика сақшылары», «Күлбике» және «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» фильмдері бар.