$ 491.68  568.23  6.2

«Қарызға батып, өмірден түңілдім»: Лудоманиядан айыққан азамат өз басынан өткенін айтты

"Соңғы кезде мемлекет бұл мәселені байыппен қолға алып жатқанын байқап жүрмін".

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Соңғы жылдары Қазақстанда құмар ойынға тәуелділік қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Осы дерттен арылып шыққан азаматтардың бірі – алматылық 32 жастағы Нұржан (аты өзгертілген). Біз онымен тәуелділікке қалай түскені және одан қалай құтылғаны жайлы әңгімелестік.

Кейіпкеріміз барлығы жай қызығушылықтан басталғанын алға тартады. 

Бәрі қызығушылықтан басталды. Достарым букмекерлік кеңселер арқылы спортқа ақша тігіп жүргенін көріп, мен де байқап көргім келді. Алғашында ұсақ сомалар еді. Кейін жеңген сайын тәуекелге барғым келіп, ірі көлемде ақша тіге бастадым. Бір сәтте қарызға кіріп кеткенімді байқамай қалдым. Несие алып, туыстардан қарыз сұрадым. Сол кезде ғана жағдайдың күрделі екенін түсіндім.

Нұржан лудоманияның кәдімгі дерттен бөлек, мінезге де қатты әсері барын жасырмады. 

Психологиялық күйзеліс қатты болды. Ұйқы бұзылды, жұмыста өнімділігім төмендеді. Ақшаны қалай табамын деп ойлай беретінмін. Кейде бәрінен қашып кеткім келетін. Бұл дерт тек қаржы емес, адамның мінезіне де әсер етеді екен.

Аталмыш дерттен айығып, бүгінде сау адам қатарына қосылған ол өзінің жүріп өткен жолын есіне алып, өзіне көмектескен шараларды бөлісті. 

Бір күні отбасыммен ашық сөйлестім. Олар қолдау көрсетті. Кейін емхана жанынан ашылған арнайы көмек орталығына жүгіндім. Психологтармен жұмыс істедім, топтық терапияға қатыстым. Сонымен қатар eGov mobile арқылы өз еркіммен құмар ойындарға қатысуға уақытша тыйым қойдым. Бұл үлкен көмек болды. Соңғы кезде мемлекет бұл мәселені байыппен қолға алып жатқанын байқап жүрмін. 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданып, букмекерлік жарнамаларға шектеу қойылды. Мемлекеттік қызметкерлер мен қарызы бар азаматтардың ойындарға қатысуына тыйым салу да – дұрыс қадам. Биометриялық сәйкестендіру енгізілуі де бақылауды күшейтеді деп ойлаймын.

Сөз соңында ол өзінің оқиғасы өзгелерге сабақ болғанын қалайтынын айтып, сақтанып жүруге кеңес берді.  

Ең бастысы – ішкі тыныштық пайда болды. Қаржылық жағдайымды біртіндеп түзеп келемін. Бұрынғыдай тәуекелге бармаймын, бос уақытымды спортпен және отбасыммен өткіземін. Қазір өзгелерге де осы дерттен сақ болуға кеңес беремін.

Сарапшылардың мәліметінше, елімізде шамамен 400 мыңға жуық адам ойын тәуелділігіне шалдыққан. Сондықтан профилактика, емдеу және ақпараттық түсіндіру жұмыстары қоғам үшін аса маңызды. Лудоманиядан айығу – мүмкін, тек ол үшін уақытында көмек сұрау қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0