Бүгін «Шабыт» XVIIІ Халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің салтанатты түрде ашылуы өтеді. Биыл дарындыларды анықтайтын беделді конкурсқа арнайы диплом, медаль, лауреат атағын алуға, және ең бастысы Ел Президентінің кубогы иегері атануға 388 үміткер қатысады.
Сонымен қатар, бас жүлдегер иесі 250 мың теңгені алып кетеді. Алтын медаль иегерлері 200 мың теңгеден, күміс жүлде – 150 мың теңге және қола жүлде иегерлері – 100 мың теңгеден алады.
– Жыл сайын «Шабыт» жастар шығармашылық фестиваліне қызығушылық арта түсуде. Бұны байқауға ниет білдіргендердің санынан білуге болады. Әр уақытта қазылар алқасы фестиваль жаңа талантты табуға әрі олардың өнер жолын ашуда септігін тигізетінін атап өтеді. Ақпараттық қолдауды «Хабар» телеарнасы көрсетіп, арнадан фестивальдің күнделіктерін көруге болады. Биылғы жылы жаңа аталым «спорттық бал биін» енгіздік, - деді Астана қаласы Мәдениет басқарманың басшысы Болат Мажағұлов.
Конкурсанттардың талантын атақты әртістер, профессорлар, Қытай, Германия, Израиль, Италия, Беларусь, Ресей және Қазақстаннан шыққан әлемге танымал өнер майталмандары бағалайтын болады. Сонымен қатар, әділқазы алқасының мүшелері шеберліктерімен бөліседі.
Осылайша, «Домбырамен ән салу»номинациясында әділқазы алқасын ҚазКСР Халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов бастап отыр. Халықтық ән салу бойынша Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Сәкен Сыздықов, Жақсыгелді Кемалов және Әбіл Қонысбай сынды танымал шеберлер өз бағаларын береді.
«Домбыра» аталымында әділқазы төрағасы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Айтқали Жайымов.
Цирк өнерін таныстыратын үмірткерлерді Астана циркі директоры Ерік Жолжақсынов, Саха Республикасы циркінің директоры Сергей Расторгуев, Алматы қалалық қазақ циркінің директоры Дәулет Досбатыров сынды өнер тарландары бағалайды.
«Академиялық ән салу» номинациясында әділ-қазылар алқасының төрағасы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Қанат Омарбаев болады. Сонымен қатар, Халықаралық конкурстардың лауреаты, Түркия мен Италияның Мемлекеттік операсының жеке ән салушысы Седа Ортач, Минскіден келген өнертану докторы Екатерина Дулова, Иерусалим музыка Академиясының кларнет класы бойынша профессоры, Израиль опреасы оркестрінің бірінші кларнеті Михаил Гурфинкель, Иерусалим симфониялық оркестрінің бас директоры Яир Стерн сынды шақырылған қонақтар әділ қазылар алқасына мүше ретінде кірді.
Фестивальдің ең үздік скрипкашысын Қазақ ұлтық өнер университетінің ректоры, Қазақстан еңбек ері – Айман Мұсаходжаева, Г.Исакадзе - Шпильман (Германия) Музыкалық академиясының құрметті жетекшісі Лиана Исакадзе, Эстония Музыка академиясы мен Хельсинки Сибелиус академиясының профессоры Мари Тамперс-Безродная және тағы басқалар анықтайтын болады.
«Шабыт-2015» XVIIІ Халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі 2015 жылдың 3 қараша күні сағат 19.00-де Конгресс-холлда өтеді.