Достық үйінде Қазақстан халқы бірлігі күніне және Қазақстан Республикасының Жастар жылына арналған «Достық шаңырағы» атты XXIV облыстық этномәдениет фестивалі өтті.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл бір отбасының мүшелеріндей болған Қазақстан халқының татулығы мен рухани бірлігін, ынтымағы мен түрлі мәдениеттің тоғысуын бейнелейтін ғажап мереке. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.
Ел бірлігі мен этносаралық келісімді нығайтып, мәдениетаралық диалогтың қазақстандық үлгісін көрсеткен щара этномәдени бірлестіктердің музыкасын, дәстүрін, тілі мен мәдениетін жаңғырту, сақтау және дамыту мақсатында ұйымдастырылған.
Тұрақтылық пен азаматтық бейбітшілікке қол жеткізудің негізін қалайтын фактор халықтың бірлігі, бейбітшілігі мен татулығы, достығы мен этносаралық келісімі екені анық. Бүгінгі игі шараның өткізілуі де тұрғындарға Қазақстандық патриотизм идеяларын насихаттап, мейірімділік, өзара құрмет, ұрпақтар сабақтастығы сияқты жалпы рухани құндылықтарды түсіндірді. Қазақстан халқына тән қонақжайлылық пен мейірім үлгісін көрсетті.
Бірлікті тәу еткен айтулы мерекеге Ұлы Отан соғысы ардагерлері, облыстық Қазақстан халқа Ассамблеясының этномәдени бірлестік өкілдері, жастар қанаты мүшелері, «Жаңғыру жолы» жобасының белсенділері және қала тұрғындары қатысты.
Фестиваль қонақтары келгеннен «Бір шаңырақ астында» этноауылының көрмесін тамашалады. Көрмеде этностардың ұлттық қолөнері, қолданбалы тұрмыстық заттарын көріп, әр ұлттың өзіне тән тағамдарымен таныс болды.
Көрмеден соң фестиваль «Біз бір отбасымыз» конкурсымен өз жалғасын тапты. Концерт Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан құсайынның құттықтау сөзімен басталды. Сайыс шарты бойынша әр этномәдени бірлестік туған тілінде және мемлекеттік тілде өз өнерлерін ортаға салды. Конкурсқа облыстық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қатысты.Қатысушылар ұлттық әуедерін әуелетіп, мың бұрала би биледі, домбыра да тартып, қазақ тілінде әндер шырқады.
Шара соңында қатысушыэтномәдени бірлестіктер мақтау қағаздарымен марапатталды.