$ 449.58  486.94  4.86

Шымкентте 5 жасар баланы үйінің алдында көлік қағып өлтірді

Шымкентте бес жасар баланы аулада автокөлік қағып кетті. Автокөлік рулінде жас қыз болған. Куәгерлер баланы құтқаруға күш салғанымен бірақ ол аурухананың жан сақтау бөлімінде қайтыс болды, деп жазады Otyrar.kz.

Оқыс оқиға Қырғы базар аумағындағы Т.Әлімқұлов көшесі №4 үйдің ауласында болған. Куәгерлердің айтуынша «Шевроле» көлігінің рулінде жас қыз болған. Ол балалар ойнап жатқан ауладан өтіп бара жатып, подьезден жүгіріп шыққан баланы байқамай қалған.

Ол тежегішті бірден басқанымен бала дөңгелектің астына түскен.

2013 жылы туған бала облыстық клиникалық аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Жол көлік оқиғасы орын алған аумаққа жақын болғандықтан куәгерлер жедел жәрдемді күтпей өздері алып келген.

Вячеслав Цай, жансақтау бөлімінің меңгерушісі: «Бала ес-түссіз жатқандықтан бірден жасанды тыныс алу аппаратын қостық. Жүрек-өкпе реанимациясы 25 минут бойы жүргізілді, бірақ жүрек қызметі тоқтады. Оны біздің нейрохирургтарымыз қарап көрді, сүйегінің сынғаны анықталды».

Оқыс оқиға орын алған үй Қырғы базардың жанында орналасқан. Баланы көлік қағып кеткен аумақты сатушылар заңсыз автотұраққа айналдырып жіберген. Үй төрайымының айтуынша, ол полицияға шағыммен күн сайын қоңырау шалып, әкімдікке жүз рет арызданған.

Раушан Шоланова, үй төрайымы: «Базардағы саудагерлер біздің ауланы автотұраққа айналдырып жіберген. Бүгін міне баланы қағып кетті. Біздің шағымымызды есітуі үшін әлбетте қайғылы жағдай орын алуы кере пе еді? Мен әкімдікке жүгінемін: мұнда тәртіп орнату керек! Балалар ойнайтын жер жоқ, аулалар автокөліктермен бітеліп қалған. Бізге шлаугбаум қойып берсін, бейнекамера орнатсын».

Осы факті бойынша Шымкент қалалық ПД-не өтініш жібердік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары