$ 494.87  520.65  4.91

Қаламқас кен орнындағы өрттен кейін 14 адам қызметінен босатылды

Қаламқас кен орнында болған апаттан кейін жүргізілген тергеу нәтижесі бойынша «Си Бу» Инженерлік бұрғылау компаниясы» мердігер ұйымының 14 қызметкері қызметінен босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Апат фактісі бойынша «Си Бу» компаниясының басшылығы тергеу аяқталғанға дейін кінәлі адамдарды жазалау және алдағы уақытта осындай апаттарды болдырмау бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Нәтижесінде 14 адам жұмыстан босатылып, 4 қызметкерге сөгіс жарияланды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған зиянды қалдықтарды шығармайтын жабдықтар (ЗҚШЖ)  тексерістен өтті, ЗҚШЖ-ға қызмет көрсету жұмыстары және ЗҚШЖ-ны тығыздау бойынша екі сатылы бақылау күшейтілді, ЗҚШЖ-ны тексеру бойынша қызметкерлердің жеке штаты бөлінді, сыйымдылықтардағы сұйықтық деңгейінің сигнал беру датчиктері орнатылды», - делінеді хабарламада. 

Бұдан басқа, Энергетика министрлігі мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының өңіраралық басқармасының 2019 жылғы 19 сәуірде шығарған көмірсутек саласындағы қызмет түрлеріне берілген мемлекеттік лицензияның күшін тоқтата тұру туралы әкімшілік іске «Си Бу» компаниясы қарсы шағым түсіруде.

«Маңғыстаумұнайгаз» мердігерлік жұмыстарға тапсырыс беруші ретінде өз тарапынан мамандандырылған комиссияға апаттың себептерін тергеуге көмек көрсетіп, болашақта мұндай төтенше оқиғаларды болдырмас үшін бар күшін салды. Комиссия өткізген тексеру жұмыстарының материалдарын құқық қорғау органдарына тапсырды. Бұл органдардың құзыретіне «Си Бу» компаниясын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдау жатады», - дейді компаниядағылар. 

Айта кетерлігі, «Си Бу» компаниясы Маңғыстау облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі болып табылады, қазіргі таңда онда 909 адам еңбек етеді.

«Маңғыстаумұнайгаз» лицензиядан айыру туралы шешім заңда бекітілген тәртіппен қабылданатынына және барлық мүдделі тараптардың пікірі ескерілетініне сенімді. «Си Бу» компаниясы лицензиясынан айырылған жағдайда, «Маңғыстаумұнайгазда» мұнай өндіру жөніндегі өндірістік жоспарды орындамау қауіпі туындауы мүмкін екендігін атап айтқан жөн. Бұл өңір экономикасына кері әсерін тигізеді. Бүгінгі таңда «Маңғыстаумұнайгаз» Қазақстанның ең ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардың бірі болып табылады және облыстағы мұнай өндірудің 31%-нан астамын және республика бойынша 8%-ын қамтамасыз етеді. «Маңғыстаумұнайгаз» компания қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелеріне және өңір халқына жан-жақты қолдау көрсете отырып, әлеуметтік жауапкершілік саясатын ұстанады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары