$ 494.87  520.65  4.91

Тоқаев ҚР Президенттігіне бірінші кандидат боп тіркелді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенттігіне алғашқы кандидат боп тіркелді, деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі. 

2019 жылғы 3 мамырда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған бірқатар саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Отырыста мына қаулының жобасы қаралды:

1. 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Сапарқызы Мұстафина қаулы жобасы туралы баяндама жасады.

«Nur Otan Партиясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылғы 23 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы құжаттарын ұсынды:

- «Nur Otan Партиясы» қоғамдық бiрлестiгі жоғары органының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттiкке кандидат ретінде ұсыну жөнiндегi отырысының осы қоғамдық бiрлестiктiң Әдiлет министрлiгiнде тiркелуі туралы құжаттың көшiрмесi қоса берілген хаттама үзiндiсiнің көшірмесі;

- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Президенттiкке кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм беру жөнiндегi өтiнiші;

- өмiрбаяндық деректерi;

- сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат.

Осы құжаттардың негізінде, сондай-ақ кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 16/244 қаулысымен Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Конституция мен "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі анықталды және азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді.

Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар:

- Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кірістері мен мүлкi жөнінде декларация тапсырғаны туралы Мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;

- Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды;

- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауына азаматтардың жиналған қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары – ұсынылды.

Осы хаттамаларға сәйкес Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауына Қазақстанның барлық 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолы жиналды, олардың 313 653-і дұрыс деп танылды.

Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 15 сәуірдегі № 13/237 қаулысымен белгіленген Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты қолдау үшін дұрыс қолдардың қажетті саны кемінде 118 140 қолды құрайды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы» қаулы қабылданды.

Қаулымен:

- 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін;

- Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тиісті куәлік берілсін;

- Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Халықтық Жинақ Банкі" акционерлік қоғамына арнайы уақытша шот ашу үшін тіркелуі туралы мәліметтер берілсін;

- бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тіркелгені туралы хабарлама жариялансын-деп белгіленді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары