03.05.2019, 04:40

Тоқаевтың соңғы жұмыс сапары қалай өтті? (ФОТО)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарында жастармен, аналармен кездесіп, 1 мамыр Бірлік күніне арналған мерекелік шараға қатысты. Жалпы Президент Тоқаевтың Алматыға сапары қалай өтті?

Алдымен мемлекет басшысы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына барды. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың зияткерлік орталығы болып қайта құрылған Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының жұмысымен танысты. «Оpen space» форматы бойынша жұмыс істейтін бұл мекемеде электронды ресурстармен, кітап және мерзімді басылымдармен жұмыс істеу, фильмдер көрсету, таныстырылымдар, тренингтер және конференциялар өткізу қызметі қамтылған. Орталық кітап қоры 1,8 миллион данадан асатын қаланың бірыңғай кітапханалар жүйесіне кіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мен еріктілер қозғалысының өкілдеріне өзінің өмірі мен еңбек жолы туралы әңгімеледі.

– БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеген кезімде волонтерлік жұмысқа көп көңіл бөлдім. Біз көптеген елдердің еріктілерін жинап форумдар ұйымдастырдық. Қазақстан Парламентінде істегенде волонтерлік туралы заң қабылдадық. Мемлекет тарапынан бұл қозғалысқа қолдау көрсетіп, дамыту үшін барлық жағдай жасалуда, – деді Қазақстан Президенті.

Тоқаев екінші кездесуі «Бақытты отбасы» аналар орталығында өтті. Орталықта Мемлекет басшысына көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау жөніндегі Тұңғыш Президент – Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға қызмет көрсету мақсатында ашылған еліміздегі алғашқы мекеме «Бақытты отбасы» аналар орталығының жұмысымен танысты. Мұнда мамандар көпбалалы аналарға психологиялық, құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, жаңа мамандықтарға баулып, компьютерлік сауат ашуға көмектеседі. Орталық қызметі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған.

Келесі кездесу Алматы қаласының урбанистика орталығында болды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрлық геоақпараттық орталықтың, «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының, Алматы даму орталығының және «Open Almaty» қоғамдық қабылдауының жұмыстары туралы ақпарат берілді. Мемлекет басшысы қаланы одан әрі абаттандыру жоспарымен танысып, шаһардың 3D-көрінісіндегі голографикалық пішінін қарады. 

Қазақстан Президентіне Алматы индустриялық аймағындағы негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндалды. Мұнда жапон, корей, қытай, неміс және басқа да шетелдік инвестициялар есебінен 5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген, құны 144 млрд теңге болатын 39 жоба іске асырылуда. Индустриялық аймақта бірнеше жоба орналастырылған. Атап айтқанда, «Hyundai Trans Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, электр автобустарын шығаратын «Falcon Euro Bus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Tokyo Rope Almaty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсібі, қалдықтарды сұрыптау кешені сияқты кәсіпорындар.

Соңында Мемлекет басшысы Алматы қаласын дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Мемлекет басшысы жұмыс сапарының екінші күні, яғни 1 мамыр Қазақстанның бірлігі күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі мерекенің еліміздегі барлық халық пен ұлт өкілдерін біріктіретінін айтты.

– Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің маңызы зор екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан бүгінде көптеген ұлт өкілдерінің киелі шаңырағына айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың бәрін Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бақыт, амандық және жаңа табыстар тіледі.

Салтанатты шара Алматы қаласының этномәдени орталықтарының белді ансамбльдері мен қазақстандық эстрада әртістері қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.

Мерекелік шарадан кейін Қазақстан Президенті Алматыдағы БҰҰ-ның жаңа кеңсесіне барды. Мемлекет басшысы БҰҰ-ның 17 аймақтық бөлімшесі орналасқан кеңсесінің жаңа ғимаратын аралап көрді.

Президент халықаралық ұйым кеңсесінің ашылуы ел үшін ерекше маңызға ие - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен тұспа-тұс келуін жақсылыққа балады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан БҰҰ қағидаттарын толықтай ұстанатынын және халықаралық қауымдастықпен қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, адам құқықтарын қорғау мақсатындағы өзара іс-қимылдарын белсенді түрде жалғастыра беретінін айтты.   

– Бұл тамаша ғимарат Біріккен Ұлттар Ұйымының мүдделері үшін қызмет ететін болады. БҰҰ – барлық ел үшін ортақ үй. Біздің ынтымақтастығымыздың арта түсетініне сенімдімін. Әлем қауіпсіздігі жолында БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметін қолдай береміз, – деді Мемлекет басшысы.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура Қазақстан Президентіне алғыс айтып, бұл әсем ғимарат Алматы қаласының сыйы екенін атап өтті. Дипломат жаңа кеңсе Қазақстан мен БҰҰ-ның жақын достығы мен ынтымақтастығының белгісі болатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымның жұмысшыларымен әңгімелесіп, кітапхананың және БҰҰ аймақтық бөлімшелер өкілдіктерінің жұмысымен танысты.

Сондай-ақ Тоқаев «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Сауат Мыңбаевпен қабылдады. Президент теміржол тасымалын дамыту бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Президент қазіргі басты мақсат ретінде темір жолдарды одан әрі модернизациялау, еліміздің көлік-логистика және транзиттік әлеуетін арттыру екенін атады.

Мемлекет басшысы кездесу соңында бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ Тоқаев «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Сауат Мыңбаевпен қабылдады. Президент теміржол тасымалын дамыту бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Президент қазіргі басты мақсат ретінде темір жолдарды одан әрі модернизациялау, еліміздің көлік-логистика және транзиттік әлеуетін арттыру екенін атады.

Мемлекет басшысы кездесу соңында бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы «Сервистік әкімдік» қағидаты бойынша істейтін мемлекеттік органның жұмысымен танысуға да уақыт тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай әдіс мемлекеттік қызметшілердің жаңа ұйымдастырушылық мәдениеті екенін, азаматтарға сапалы, жедел және жайлы жағдайда қызмет түрлерін алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Қазақстан Президенті кабинеттік жүйеден «Open Space» форматына өту мемлекеттік органдардың ашық әрі қолжетімді екенінің көрсеткіші деп атап өтті.

Қазақстан Президенті Үштөбе қаласындағы мектепке де барып, білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасымен танысып, информатика, робот техникасы кабинеттерін, мектеп кітапханасы мен музейін аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларымен және ұстаздармен әңгімелесу барысында еліміздің экономикасы мен ғылымын дамытуға септігін тигізетін сапалы білім алу жастардың негізгі міндеті екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ «Қаратал-АГРО» сервистік дайындау орталығына барды. Ол көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, ауыл шаруашылығы техникаларын аралап көрді.

Қазақстан Президентіне облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштері, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы жөнінде баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жұмысын жоғары бағалап, оларға табыс және жаңа жетістіктер тіледі.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы кездесуі «Айбалта-2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуында болды. Мемлекет басшысына «Айбалта-2019» командалық-штабтық оқу-жаттығуының негізгі кезеңдері мен міндеттері туралы баяндалды. Оқу-жаттығу барысында шартты қарсыласты жою кезіндегі Қарулы Күштердің мүмкіндіктері көрсетілді.

Қазақстан Президенті командалық пунктке барып, әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілерін, инфрақұрылымдық нысандарды, соның ішінде модульді жылжымалы госпитальді, механикаландырылған нан зауытын, азық-түлік қоймасын, пилотсыз ұшатын аппараттарды басқару пунктін аралап көрді.

Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилерді оқу-жаттығуды табысты аяқтауымен, сондай-ақ, алдағы Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.

– Қарулы Күштердің басты міндеті – Тәуелсіздік пен ел аумағының тұтастығын қорғау. Мемлекеттің сенімді қалқаны әрі тірегі саналатын Қазақстан армиясы – күшті әрі мобильді. Бүгін сіздер тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің қуатын көрсеттіңіздер. Әскери бөлімшелер кәсіби дағдылары мен жауынгерлік рухын іс жүзінде дәлелдеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Мемлекет басшысы далаға тігілген әскери лагерьге барып, «солдат ботқасынан» дәм татты, қатардағы сарбаздармен әңгімелесті.