$ 448.56  478.03  4.79

Ақмола облысында «Цифрлық агент» арқылы 800-ден астам өтініш қаралған

Ақмола облысында 2019 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысы бойынша, мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алу көрсеткіші 84,6 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысы Берген Беспалинов хабарлады.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінгі таңда облыс тұрғындарына 101 289 цифрлық қолтаңба берілген. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 107 221-ді құраған болатын.

«Қазіргі таңда электронды қызметтерді электрондық цифрлық қолтаңбасыз алу қажеттілігі бойынша бірқатар жұмыстар жасалды. SMS-парольдер мен Телеграмм-боттар жұмыс істеп жатыр. Бұл жағдай ЭЦҚ көрсеткіштерінің төмендеуіне өз әсерін тигізері сөзсіз», – дейді Б.Беспалинов.

Мұндай жетістіктер «Электронды үкімет» порталының кең көлемде насихатталуының арқасында оң нәтиже беріп отыр. Порталдың тиімділігіне байланысты түсіндіру жұмыстары да кеңінен жүргізілген болатын. Бүгінде өңірде аталған тақырыпта арнайы бейнероликтер дайындалып, маңызды жұмыстар өз жалғасын тауып жатыр.

«Қызмет алушылардың шағымы мен арыздарына жедел түрде жауап беру үшін «Цифрлық агент» мобильді қосымшасы іске қосылды. Бүгінде оған 878 өтініш түсіп, қажетті жауаптар әзірленді. Айтулы жобаны одан әрі насихаттай түсу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарының барлық бөлімшелеріне кітапшалар мен билбордтар ілінді. Сонымен қатар, аталған мобильді қосымшаны қалай қолдану керектігін үйрететін бейнероликтер түсіріліп, нұсқаулық ретінде көрсетіліп тұрады», – деп атап өтті Департамент басшысы.

Айта кетейік, «Цифрлық агент» мобильді қосымшасын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» ҰКП бірлесіп жасаған болатын. Жаңа қосымша агенттікке ХҚО, емхана, салық жүйесі секілді өзге де мемлекеттік мекемелердегі қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша, қызмет көрсету кезіндегі олқылықтардың алдын алып, сервис сапасынның жақсаруына септігін тигізбек. Сондай-ақ, әкімшілік барьерлер жойылып, қызмет түрлерінің кәсібилене түсуіне жағдай жасайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары