5 мамырда Мәскеудегі Шереметьево әуежайында «Аэрофлот» әуекомпаниясына тиесілі Sukhoi Superjet 100 ұшағы апатқа ұшырап, 41 адам қаза тапты. Бұл туралы Ресей тергеу комитеті хабарлады.
Бортта 78 адам болған. Қаза тапқандар арасында бес экипаж мүшесінің бірі бар. Бес адам аурухана жеткізілген, екі адамның халі ауыр.
Мәскеуден Мурманскіге бағыт алған ұшақ Шереметьеводан жергілікті уақытпен 17.57-де ұшқан. 28 минуттан соң - 18.25-те ұшқыштар апатты жағдай туралы хабар беріп, әуежайға оралған.
Экипаж мүшелерінің бірі – ұшқыш Денис Евдокимов ұшақты әуеде найзағай ұрып, кейбір жүйелердің істен шыққанын айтады. Ұшқыштар әуежайға қайту туралы шешім қабылдаған. Евдокимовтің сөзінше, қону кезіндегі жылдамдық нормадан аспаған. Бірақ лайнер жерге соғылып, өрт шыққан. «Интерфакс» агенттігінің жазуынша, ұшақ жерге үш рет соқтығысып, шассидің арты бөлігі сынған. Сынған бөлшектер қозғалтқышқа тиіп, фюзеляждің (ұшақтың корпусы) артқы бөлігі тұтастай отқа оранған.
Мұнан соң адамдар қауіпсіз жерлерге көшірілген. «Интерфакс» агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап, ұшақ қанаты тұсындағы бір топ адамның шығып үлгермегенін хабарлады.
Дереккөз: Азаттық