Атырау облысында жол-көлік оқиғасынан үш адам қаза тапты, тағы төрт адам жарақат алды, деп хабарлайды Tengrinews.kz
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова мәлімдегендей, жол апаты 15 шілде күні кешкісін Атырау - Доссор тас жолында болды. Алдын ала болжамға қарағанда, шағын автобус жүргізушісі - 1982 жылы туған жігіт рульге ие бола алмай, көлікті аударып алған. Оқиға орнында көлікте отырған үш адам қайтыс болды.
Тағы үш жолаушы мен жүргізушінің өзі ауруханаға түсті. Олар түрлі деңгейде жарақат алған. Жолаушылардың бәрі Павлодар облысының тұрғындары болып шықты. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шағын автобус жүргізушісі ауруханадан шыққан соң қамауға алынады.
Еске сала кетсек, өткен аптада ірі жол апаты Қарағанды облысында болған еді. Қарағанды ― Балқаш тас жолында екі автокөлік соқтығысып, соның салдарынан алты адам қайтыс болды.