Мөлдір Әуелбекова 90-шы жылдары басынан өткерген қиын күндерін еске алды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әнші өзінің базарға нан тасыған күндерін айта келе, бүгініне шүкіршілік етті.
"Жобалап 90-шы жылдардан бері қайта құрылу кезеңі. Ата-анамыз айлап жұмыстан қаламақысын алмайтын кез. Мектепке барсаң, кейбір оқушыларда дәптері жоқ уақыт. Көлік, автобусты қоя салшы, тек жаяу жүреміз. Нан, сүтті көшеде таңғы 5-тен кезекте тұрып, талонмен алатын кез. Одан кешіксең қалмайды. Аш қаласың, өйткені жоқшылық. Естеріңізде ме??? Жарық жоқ, газ жоқ, айлық жоқ, дым жоқ.
Көп қабатты үйдің тұрғындары есік алдына шығып, көршілер бірігіп кірпішпен пеш соғып, ағашпен от жағып, кезектесіп сол ошаққа тамақ пісіріп үйге алып кіреді. Жоғары сұрыпты ұнның орнына екінші сұрып ұнмен нан пісіреміз. Біздің мөлтек ауданында кішкентай базар бар. Сол базарда әпкем нан сатады. Оны анашым үйде пісіреді, ал мен болсам оны жүгіріп жүріп әпкеме базарға таситынмын", - дейді әнші.
Сондай-ақ Әуелбекова сондай қиын кезеңде сәбиін еңбекке баулыған ата-анасына алғыс айтты.
"Жоқ екен" деп үйде жата бермей, ата-анамның бізді сол кезден-ақ еңбекке баулығанына ризамын. Қазір жемісін көріп жүр ғой, шүкір. Бүгінгі таңда еліміздің жағдайы әлдеқайда жақсарған", - деп сөзін қорытындылады әнші.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын Мөлдір Әуелбекова жаңа қызметке тағайындалған болатын.