Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аймақ басшысы Бейбіт Атамқұлов пен облыстық мәслихат депутаттарына Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму концепсиясын ұсынды. Оған сәйкес, алдағы 5 жылда Шымкент адам танымастай өзгереді деп жазады rgmedia.kz.
Екі ай бойы түзілген концепцияда үш міндет қойылған. Біріншісі, қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешу. Онда әлеуметтік түйткілдерді тарқату жолдары қарастырылған.
Екіншісі, шымкенттіктер мен қала қонақтарына инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру жайттары назарға алынса, үшініші міндетке бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция көлемі мен туристердің санын арттыру мәселелері ілінген.
Бір сағат бойы баяндама жасаған Әбдірахымов түрлі жобалардың қажеттілігін тарқатып айтып, тіпті қажетті соманы да атап өтті. Айтуынша, жоспарды жүзеге асыруға 600 млрд теңгеге жуық қаржы керек екен. Қажетті қомақты ақша тек қазынадан бөлінбейді. Бұл жұмыстарға инвесторларды да тарту көзделіп отыр. Қаржы табылса, Шымкенттте ойын-сауықтыру саябағы мен әлемдік стандарттарға сай түрлі сауда орындары мен орталықтары бой көтереді.
Шымкенттің 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасы облыс басшысы тарапынан мақұлданды. Оның өзін аймақ басшысының аузынан суырып алғандай болды. Қатысушылар өз ұсыныс-тілектерін айту барысында облыс әкімінің сөзін бөлген қала басшысы «Жалпылама тұжырымдаманы мақұлдадыңыз ғой, иә?» деп төтесінен сұрақ қойып, аймақ басшысының «иә, мақұлдадым» деген жауабын алып, марқайып қалды.
Шымкенттің әкімі Әбдірахымов Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихат депутатының сауалын ұнатпады. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму концепциясын ұсынған әкім мырзаның баяндамасына халық қалаулысының жоспардың жақсы түзілгенін, бірақ та бүгінгідей дағдарыс заманында қаржы табу да оңай емес екенін айтқаны сол еді Шымкент «мэрінің» жауабы дайын тұрды.
«Мен кішкентай бала емеспін ғой. Тұжырымдамадағы жобаларды жүзеге асыруға 600 млрд теңгеге жуық қаржы керек. Алдағы уақытта қаланың жылдық бюджеті 150 млрд теңге болады деп есептесек, бес жылда жүзеге асыруға болады. Оған қоса инвесторлар бар. Концепцияда айтылғандар ертегі емес», – деп жауап қатты шаһар басшысы.