$ 447.4  477.55  4.76

Салидат Қайырбекованың орнына жаңа вице-министр тағайындалды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 12 қарашадағы № 901 қаулысымен Біртанов Елжан Амантайұлы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болып тағайындалды.  

Тағайындауға дейін Е. Біртанов «Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС Басқарма басшысы қызметін атқарды.

Елжан Біртанов 1971 жылдың 18 қазанында Жамбыл қаласында дүниеге келген. Ол Алматы медициналық институтында, Аризона штатының университетінде, Ресей медициналық дипломнан кейінгі білім академиясында, Шарите университеттік клиникасында (Германия), Тұран университетінде, Duke University, Fuqua School of Business (АҚШ), Global Executive MBA магистратурасында білім алған.

Ол Алматы қаласындағы жедел медициналық көмек көрсету емханасының дәрігер-реаниматологы, Республикалық токсикология орталығының жетекшісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас токсикологі,  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық сақтау саласын дамыту институты» РММ директоры, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма басшысының орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, сондай-ақ, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма басшысы қызметтерін атқарған.  2014 жылдың мамыр айында Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығының Басқарма басшысы болып тағайындалған болатын.

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Медицина ғылымдарының докторы.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 9 қазандағы қаулысымен Қайырбекова Салидат Зикенқызы басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Бірінші вице-министр қызметінен босатылған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары