21.05.2019, 17:59

Қызылордада жол бойынан нәрестенің мәйіті табылды

kaz.caravan.kz
Қызылорда қаласындағы әл-Фараби шағынауданы аумағынан нәрестенің мәйіті табылды.

Аталмыш оқиға 20 мамыр күні белгілі болды. Сол күні сағат 6.30 шамасында әл-Фараби кварталында орналасқан жол бойынан солтүстікке қарай 40 метр жерден нәрестенің мәйіті табылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  «Қазіргі таңда аталмыш дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 100-бабымен қылмыстық іс қозғалып, жаңа туған баланы анасының өлтіруі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс шеңберінде барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің барлық процессуалдық талаптарын сақтай отырып, нәрестенің анасын анықтау бағытында кешенді жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Баспасөз қызметі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілмейтінін ескертті.  Бұдан Қызылорда облысы Қазалы ауданында пакетке оралған нәрестенің табылғанын хабарлаған едік. Одан кейін тастанды нәрестенің анасы қолға түсті.