Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» қазақтың соңғы ханы Кенесарының Торғайдан Созаққа барып келетіні ерекше көркем суреттеледі. Есенберлиннің жазуынша, сол бір жаугершілік заманда Кенесары ханның әскері 1000 шақырымдық жолды 1 аптаның көлемінде еңсеріп отырған көрінеді. Батыр бабаның бұл тағылымды жорықтары бүгінгі бейбіт күннің ұрпағына ой салып, «Qazaq epos» ұлттық жобасы 2019 жылдың 20 сәуірінде арнайы экспедиция ұйымдастырды.
«Тұлпар мініп, ту алған» республикалық байқауын қолдау мақсатында ұйымдастырылған экспедиция Кенесары Ханнның ізімен «Тағдырлы Торғайдан сырлы Созаққа» деп аталды. Жалпы саны 3 адамнан тұратын топ тәуекелге бел буып, 4 атты тақымдап, жолға шықты. Үшеудің біреуі атбегі, бірі түсіруші оператор. Ал экспедицияға жетекшілік еткен «Qazaq epos» ұлттық жобасының басшысы Бақытжан Тұрлыбек.
«Торғайдан Созаққа атпен бару арманы 2005 жылы алғаш Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқыған кезде қалыптаса бастаған болатын. Биыл 14 жыл болыпты. Содан бері қай арманның болса да орындалғаны абзал. Сондықтан биыл мүмкіндіктерді пайдаланып, Торғай ауылынан Созаққа жолға шықтық», – дейді экспедиция жетекшісі.
«Бүгін 22 сәуір. Кешкі сағат 10:15. Суымыз таусылды. Кеше қар ерітіп іштік. Қазір Қарағанды облысындамыз. Жол ауыр болды. Алдын күні, кеше батпаққа баттық», – деген ол Қостанай облысынан шыққанша жолдың ауыр болғанын айтты.
Жігіттер Қарағандыға жеткенше ен даладан жан баласын кезіктірмепті. Тек Торғайдан шыққан соң 300 шақырымнан кейін ғана бір қойшыға кезіккен. «Бауыржан деген қойшының үйі екен. Күн қатты ыстық болды. Сол жерден шәй, су іштік. 1 жарым тәуліктей әбден шөлдеген болатынбыз. 4-күні Байқоңыр ауылына 60 шақырымдай қалған кезде сонда қонуға тура келді. 5-күні түске таман ала атымыз болдырып, Қияқкөпір деген жерге тастап кеттік», – дейді ол.
Сөйтіп, болдырған атты жолға қалдырып, жолаушылар иек астындағы Байқоңырға бет алады. Оларды сол ауылдың әкімі Серік Сайлаубекұлы күтіп алып, құрмет көрсетеді. «1727 жылы Бұланды шайхасында қазақтың тарихы шешілген жер осы жер. Осы жерден 150 шақырым жерде Әбілқайыр хан бастаған кеңес өткен», – деді Серік Сайлаубекұлы.
Сонымен 3 адамнан құралған экспедиция мүшелері аптап ыстықта 2 күн бойы су ішіп, нәр татпай, 10 күн бойы ат арылтып, Сарысу өзенінің бойына да жетті.