24.05.2019, 09:57

Александр Лукашенко Қазақстан мұнайын Беларуське тасымалдау бойынша келіссөз бастауды ұсынды

Фото: riafan.ru
Қазақстанның Беларусьтегі елшісімен кездесу кезінде Лукашенко елдің мұнай өңдеу зауыттарына жан-жақтан мұнай түскенін қалайтынын айтқан.

Беларусь президенті Александр Лукашенко Қазақстан мұнайын Беларуське тасымалдау бойынша келіссөз бастауды ұсынды. Бұл ақпаратты 23 мамырда БелТА агенттігі хабарлады.

Қазақстанның Беларусьтегі елшісімен кездесу кезінде Лукашенко елдің мұнай өңдеу зауыттарына жан-жақтан мұнай түскенін қалайтынын айтқан. 

Агенттіктің хабарлауынша, елші Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Беларуське мұнай тасымалдауға дайын екенін, бірақ алдымен Ресеймен келісу қажеттігін алға тартқан.

Биыл сәуір айында Ресей мұнайын Беларусь арқылы Еуропа елдеріне жеткізетін "Дружба" мұнай құбырынан сапасыз мұнай табылған соң Ресей жағы мұнай жөнелтуді уақытша тоқтатқан. 23 мамырда словакиялық Transpetrol компаниясы "Дружба" құбыры арқылы мұнайдың қайта келе бастағанын хабарлады.

21 мамырда "Белнефтехим" мемлекеттік компаниясы қазіргі кезде Беларусьте 1,2 миллион тонна көлемінде сапасыз мұнай бар екенін хабарлаған. Ресей президенті Владимир Путин бұл жағдай елдің абыройы мен мұнай инфрақұрылымына "үлкен нұқсан келтіргенін" айтқан.

Беларусь президенті Александр Лукашенко сапасыз мұнайдан елдің "орасан зор" зардап шеккенін айтып, Ресейден өтемақы күтетінін жеткізген.

Ресейлік "Транснефть" мұнай компаниясы мұнайдың ластануына шағын жекеменшік компанияны кінәлайды.

 

Дереккөз: Азаттық