Әлеуметтік желілерде тротуарға төселген жап-жаңа плиталардың қайта бұзылып жатқан сәті түсірілген видео тарады. Видео авторы аталған оқиғаның Түркістан қаласында болғанын айтқан.
Кадр сыртындағы ер адам аталған плиталардың Премьер-министр Асқар Маминнің келуіне орай салынғанын, алайда, кеткеннен кейін қайта бұзылып жатқанын айтып ашынады.
«Мамин келеді деп салды да, кеткеннен кейін қайтып жинап жатыр. Бұл – Түркістан қаласы» дейді ол. Видеокадрлар Тәуке хан даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысында түсірілген.
Бұған әлеуметтік желі қолданушылары да наразы. Олар «Көзбояушылықтан шаршамаған биліктен , халық шаршады...», «Кілем тойға көршілерден жинаушы еді. Мынаны да бір жерден сұрап алып келген ғой. Қайтару керек» деген пікірлер жазып жатты.
Алайда, Түркістан облысының әкімдігі бұл оқиғаға қатысты басқаша түсінік берді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, аталған жол бөлігіне сапасыз плиталар төселген көрінеді. Мердігер компания оны өз қаражатына ауыстыру үшін бұзған.
«Автор видеоға түсіріп жатқан сәтте мердігер мекеменің жұмысшылары өздері сапасыз орындаған 30 шаршы метрге жуық аумақ аяқ жолды қайта төсеу мақсатында жинап жатқан болатын. Яғни Тәуке хан даңғылының Кенесары хан, Ыбраев кошелері аралығындағы 30 шаршы метрге жуық аяқ жол төсеніші жиналып жатқан сәт жұртшылыққа тарап отыр. Бүгінде жиналған құрылыс материалдары талапқа сай реттеліп, аяқ жолдың ақаулары түзетіліп, орнына қайта орнатылды», - делінген әкімдік таратқан хабарламада.