Қарағандыға Қазақстандағы Чех Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудольф Гикл келді. Меймандарды күтіп алғандар қатарында өткен тәулікте торт кесемін деп пышақ жарақатын алған облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров та бар, деп хабарлайды SN.kz тілшісі жергілікті әкімдікке сілтеме жасап.
«Мен Қарағанды облысы туралы мектеп қабырғасынан бері білемін. Мұнда алғаш рет жасөспірім кезімде болғанмын. Сіздердің өңірлеріңіз әрдайым ірі өнеркәсіп орталығы болғаны есімде. Бүгін менімен бірге мұнда чех компанияларының өкілдері келді. Олар түрлі салаларда, негізінен өнеркәсіпте, ынтымақтастықты жолға қоюды жоспарлап отыр», - деді Рудольф Гикл.
Чех кәсіпкерлері тау-кен жабдықтарын өндіру мен жеткізуге, ауыл шаруашылығы байланыстарын нығайтуға мүдделі. Сондай-ақ Рудольф Гикл азаматтық авиацияда ынтымақтастықты жолға қоюды ұсынды.
Қарағандыға елшімен бірге 10 чех компаниясының өкілдері келді. Бүгін олар жергілікті кәсіпкерлермен кездесуді жоспарлап отыр.
«Бізде ЕЭА-дағы өндіріс түрлерінің 90%-ы Чех өндірушілерінің қызығушылығын тудыра алады. Жыл сайын Чехиядан Қазақстанға 450 млн долларға құрал-жабдықтар жеткізіледі. Чех компанияларына өндірісті осында, жергілікті жерде ашуды ұсыну орынды деп ойлаймыз. Себебі біздің ірі кәсіпорындар Чех Республикасынан жабдықтарді ірі көлемде сатып алады», - деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.