28.05.2019, 11:00

Параны банк карточкасына аударуды талап еткен тәртіп сақшысы қызметтен босатылды

Фото: Arnapress.kz
Қызылордада көлік жүргізушісінен параны банк карточкасына аударуды талап еткен полиция қызметкері жазаға тартылды.

Аталмыш қылмыстық іс Қызылорда қаласының № 2 сотында қаралды. Оның үстінен жәбірленуші М. сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментіне арызданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Жәбірленушінің айтуынша,  ол өзінің басқаруындағы автокөлігімен досы екеуі жеке шаруасымен «Атамекен» сауда орталығына келеді.  Ол Қызылорда қаласындағы Пушкин көшесімен бір бағытқа жүруге арналған жол талабының белгісін байқамай қалған. Сол уақытта соңынан полиция қызметінің қызметтік автокөлігі келіп, бір бағытқа арналған жолға көлікпен қарсы келгенін ескертеді.  Жол ережесін бұзғандығы үшін автокөлігіне отырғызып алады.

Жасалған әкімшілік құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасап тұрғанын назарға салады. Бұл үшін жүргізу куәлігінен айыру жазасы көзделгенін айтуды да ұмытпайды. Жәбірленушіден жүргізу куәлігінен айырмау үшін 30 мың теңге талап еткенін емеурінмен білдіреді. Дегенмен көлік жүргізуші М. аталған ақша қаражатына мүмкіншілігінің жоқтығына байланысты 2 мың теңгені полиция қызметкері Б-ның қолына ұстатады.

Аталмыш қаржыны мардымсыз көрген полиция қызметкері  одан бөлек өзінің ЖСН нөмерін беріп, банк карточкасы арқылы 7 мың теңге салуды міндеттейді. Жәбірленушінің арызы негізінде сотталушы Б-ның іс-әрекеттеріне жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 1-бөлігімен  іс қозғалды.

Бұрынғы тәртіп сақшысы қызметінен босатылып, полиция лейтенанты шенінен айырылды.  Оған параның 50 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Айыппұлдың жалпы көлемі 450 мың теңгені құрайды. 

Тегтер: полиция пара