29.05.2019, 12:15

Дұрыс диагноз қоймаған ақ халаттылар жұмыстан қуылды

Фото: N24.RU
Науқасқа ота жасаған дәрігерлер оның перитонит пен бауыр асқынуына шалдыққанын анықтап, өмірін құтқарып қалды.

Шымкентте науқас әйелге дұрыс диагноз қоймаған  медицина қызметкерлері жұмыстан босатылды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, 22 жастағы қала тұрғыны Александра Песецкая науқастанып, бірнеше рет жедел жәрдем шақыртқан. Оған жедел жәрдем қызметкерлері тек ауырсынуды басатын екпе егумен шектеліп, дұрыс емдік шараларды жасамаған. Тіпті ауруханаға апарғанымен, дәрігерлер төрт ай бойы дұрыс диагноз қоймаған. Кейіннен ол ауыр халде қайта ауруханаға түсіп, өлім аузынан қалған.

Науқасқа ота жасаған дәрігерлер оның перитонит пен бауыр асқынуына шалдыққанын анықтап, өмірін құтқарып қалды. Осы мәселеден кейін қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы науқас келіншектің жағдайымен танысып, болған жағдайға байланысты  қызметтік тексеру жүргізді.  «Аталған жағдайға байланысты Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы  №1 қалалық клиникалық аурухана, №5 қалалық емхана және жедел жәрдем станциясының 16 қызметкеріне қатысты   қызметтік тексеру жүргізді. Нәтижесінде екі қызметкер жұмыстан шеттеліп, қалғандарына тәртіптік шара қолданылды. Бұған қоса, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлеріне қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр» делінген қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінде.

Қазір Александра Песецкая Орынбаев атындағы клиникада ем қабылдап жатыр. Оның жағдайымен Мәскеу қаласының Ғылыми Зерттеу Медициналық университеті, Алматы қаласындағы Ұлттық ғылыми зерттеу кардиология және ішкі аурулар  институтының білікті мамандары және ОҚМА неврология кафедрасының меңгерушісі танысып, медициналық кеңес өткізді. Олар жергілікті дәрігерлермен бірігіп консилиум жүргізді. «Қазір науқас толық оңалту және  витаминдік терапия емін, иммунитетті көтеретін препараттар қабылдауда.  Пациенттің емінде оң өзгерістер байқалады, динамикалық жағдайы тұрақты. Сондай-ақ  өз бетінше  қимылдап, жақсы тамақтанғандықтан салмақ қосып жатыр»,- дейді дәрігерлер.