13 жасында түрлі компьютерлік кескіндемелер жасауға бет бұрған Евгений Демиденко 2 жылдан кейін биологиялық процестердің 4D анимациялық үлгісін даярлап шықты.
Бұл еңбегі – Оңтүстік Кореяда өткен ғылыми жобалар олимпиадасында үздік деп танылып, өнертапқышты әлемнің бірнеше топ бизнес университеттері білім алуға шақырған. Мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған дарынды өрен қабілет-қарымын шыңдап, оны мемлекет пайдасына жұмсауды басты парызым деп санайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған дарынды өрен ойлап тапқан ұшақ үлгісіне әйгілі «Бойнг» компаниясы құда түскен. Евгений қазір ютуб ресурсына балама бағдарлама жасау үстінде. Одан бөлек электронды сауда желісін жеделдететін онлайн-тетік төңірегінде еңбектеніп жүр.
«Көбінесе Қытай компаниялары біраз сомаларды ұсынады. Бірақ мен оларға қызығып жатқан жоқпын. Осы жобаларды мен алғаш рет Қазақстанда жариялағым келеді. Қазақстанда жақсы дәрежеге жетсе әлемдік деңгейге көрсеткім келеді. Қазіргі уақытта мен Қазақстан дамуына үлес қосқым келеді және сол бағытта ойланып, сол бағытта жобалар дайындап жатырмын», - дейді жас зерттеуші.
«Мұрагер» мектебінен түлеп ұшқан білімпаз түлек өңірде жас құрастырушылар мен өнертапқыштар қорын құруды ұсынады. Өйткені аймақта жобалары қолдауға тұрарлық дарынды жастар өте көп. Көпке үлгі бола білген Сыр ұланы келешекте 3D-4D анимациялық технологияны қолданатын «Дисней» секілді ірі компания ашуды армандайды.