$ 494.87  520.65  4.91

Қазақ жігіті Баку – Тбилиси – Стамбұл бағытын велосипедпен жүріп өтпек

Алматылық Асқар Сызбаев жалғыз өзі велосипедпен үш мемлекеттің аумағын кесіп өтіп, саяхат жасамақ. 28 жастағы жігіт 2013 жылы Sun Trip «Париж-Астана» велошеруіне қатысқан болатын. Одан кейін ол жалғыз өзі «Алматы – Бішкек – Нарын – Бішкек – Ош – Баткен – Исфара – Худжанд –Душанбе – Термез – Мазари Шариф – Термез – Ташкент – Алматы» бағыттарында жүріп өтті. Енді жаңа белестерді бағындырмақ.

Аталған велосаяхаттың алғашқы нүктесі Әзірбайжан астанасынан басталатындықтан Асқар қазір Ақтау қаласынан Бакуге қарай ұшып кетті.

Саяхатшының сапарға деген қызығушылығы 6 жасынан басталған екен. Бала шағында ол үйінен қашып кетіп, трамвай мен троллейбуста Алматыны аралағанды әдетке айналдырған.

- Мен өз өмірімді жолсыз, сапарсыз елестете алмаймын. Кез-келген елге келген кезде міндетті түрде қоғамдық көлікке отырып, елдімекенді аралап шығамын. Жергілікті тұрғындармен танысып, халықтың мәдениетін, тұрмысын біліп жүргенді жаным сүйеді. Маған түсінбеушілікпен қарайтындар бар, бірақ, көпшілік менің бұл әрекеттеріме қолдау білдіріп келеді. Сапарға шыққанымда өзімді бақытты сезінемін, әсіресе, өзге елдің адамдары маған көмектесіп, жол көрсетіп, тамағымен бөліскен кезінде рахатқа бөленемін. Бір білгенім, тұрмысы төмен адамар көмек қолын созуға дайын тұрады. Мәселен, Ауғанстанда, Молдавада өмір сүрі өзге елдермен салыстырғанда ауырлау. Алайда, осы елдердің тұрғындары барынша адал, жанашыр екеніне көзім жетті, - дейді Асқар Сызбаев.

«Баку – Тбилиси – Стамбұл» бағытында өтетін осынау велошеруді ұйымдастыруға Астанадағы «Бостандық аралы» әлеуметтік клубы мұрындық болып отыр. Осы ұйым басқосуларының бірінде Асқар өзінің қысқы Кавказ көрінісін көргісі келетінін айтқан екен. Клуб мүшелері сөзге келмей оны жолға әзірлеген.

- Бұған дейінгі әрбір сапарыма мен өзім ақша жинайтынмын. Ауыр жұмыс істедім: жүк тасыдым, қар тазаладым және тағысын тағы. Енді бұл жолы маған мүлдем бейтаныс клуб мүшелері көмектесіп отыр. Оларға алғысым шексіз. Бұл деген баршамыздың бауыр екенімізді тағы бір көрсетеді. Маған үлкен қаражат керек емес. Мәселен, Ауғанстанға саяхатқа шыққанымда қалтама небәрі 60 доллар салып шықтым, сол ақша жетті. Ал, өзімнің ең алғашқы саяхатым «Астана – Алматы – Текелі» бағытына сапарлатқанымда 4000 теңге жараттым. Жалпы, шын саяхатшыға жайлылықтың қажеті де жоқ, онсыз да сапарды қызықты етуге болады. Дегенмен, велосипедке ақшамды аямаймын, ең қымбатын, ең мықтысын алуға тырысамын. Өзім өзге туристер секілді Еуропа, Американың танымал қалаларына барғаннан көрі, шағын елдімекендерге саяхаттағанды ұнатамын, - деп сөзін түйді жас саяхатшы.

Оның айтуынша, сапардағы ең ауыр сәт – анасымен қоштасатын кез.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары